Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасы күні: Елімізде жыл сайын 100 мыңға жуық жас жұбай неке қияды

Отбасы күні: Елімізде жыл сайын 100 мыңға жуық жас жұбай неке қияды

Бүгін елімізде Отбасы күні мерекесі аталып өтілуде. Аталған мереке елімізде 2013 жылдан бастап тойланып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекет бiздiң қоғамда негiзгi отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударып отыр.
Қазақстанда Отбасы күні ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасының Жарлығымен 2013 жылдан бастап қыркүйек айының екiншi жексенбiсiнде аталып өтедi.
Биыл бұл дата 12 қыркүйекке сәйкес келді. Биыл айтулы күн қарсаңында елордадағы «Астана-Бәйтерек» монументінде жас жұбайлар салтанатты түрде некелесті.
Шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асқар Умаров қатысты.
«Жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Отбасылық және гендерлік саясат концепциясына елеулі өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті. Жыл сайын Қазақстанда 100 мыңға жуық жас жұбайлар неке қияды. Бүгінгі осы салтанатты шараның «Бәйтерек» монументінде өтуі – сіздердей жас отбасылардың өсіп келе жатқан ағаштай тарихи тамырын сақтап, мықты тірегі бар, болашаққа ұмтылысы бар мемлекетке айналатынын білдіреді», – деген еді Асқар Умаров.
Елімізде Отбасы құндылығын сақтап, дәріптеу мақсатында жыл сайын ауқымды шаралар қолға алынып жатыр. Соның бірі «Мерейлі отбасы» — ұлттық байқауы. Аталған байқау Елбасының бастамасымен 2013 жылы құрылған болатын. Мақсаты – отбасы институтын, отбасылық құндылықтарды нығайту, бала тәрбиесіндегі ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау.
Жыл сайын өтетін байқауда республика бойынша 17 үздік отбасы анықталады. Биыл конкурстық комиссияға барлығы 2 768 өтінім келіп түсіпті (68,7% ауылдық отбасы, 31,3% қалалық отбасы).
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына өзгерістер енгізу керектігін алға тартты.
«Осы жаздың басында менің Жарлығыма сәйкес Үкімет Адам құқығын қорғау жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Осы маңызды құжат Қазақстанда адам құқығын қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру үшін ұзақ мерзімді институттық негіз қалыптастырады. Атап айтқанда, кешенді жоспар қабылданғаннан кейін гендерлік теңдікті қамтамасыз ету үшін белсенді жұмыс басталды. Осыған орай әйелдердің қоғамдағы экономикалық және саяси ұстанымын барынша қолдауды қамтамасыз еткен жөн. Бұл жұмысқа Президент Әкімшілігі жауапты. Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына да өзгерістер енгізген жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдау барысында.
Осы тұста айта кетсек, биыл өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының концерті бүгін сағат 14:30-да «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі.

kyzylorda-news.kz
12 қыркүйек 2021 ж. 413 0