Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұрбол Аппазов: Біз ашқан жаңалықты шетелдік ғалымдар қолдады

Нұрбол Аппазов: Біз ашқан жаңалықты шетелдік ғалымдар қолдады

Қазақстандық ғалымдар Альцгеймер және Паркинсон ауруларына қарсы дәрі жасап жатыр. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары Еуропалық Одақ грантын жеңіп алды. Олар Португалия, Нидерланды, Дания, Ресей, Беларусь және Украина ғалымдарымен бірлесіп, әзірлеушілер тобына кірді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің зерттеуші-профессоры Нұрбол Аппазов мәлімдеді.

Дәрілік препаратты дайындау үшін Қазақстанның оңтүстік аймақтарында өсетін түйе тікенегі пайдаланылады. Отандық зерттеушілер өсімдіктен атеросклероздың бастапқы формаларын емдеуде тиімді биологиялық белсенді заттарды алды.

«Біз дәрілік өсімдік – түйе тікенегіне зерттеу жүргізу үшін Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің грантын алдық. Содан кейін біз оның құнды қасиеттерін анықтадық. Біз өзіміз ашқан жаңалықты Португалияда таныстырдық. Олар біздің ғылыми әзірлемелерімізге қызығушылық танытып, ынтымақтастық ұсынды. Жобаны орындау кезінде флавоноидтардың суда еритін формаларын аламыз, оларды көміртекті наноматериалдармен модификациялаймыз. Шетелдік ғалымдар жедел тест өткізіп, біз анықтаған наноматериалдар Альцгеймер және Паркинсон ауруларының дамуына кедергі келтіретінін және пациенттерді аурудың алғашқы кезеңдерінде емдеуге көмектесетінін растады. Сонымен қатар түйе тікенегінен алынған модификацияланған биологиялық белсенді заттардың жанама әсерлері жоқ және адам денсаулығы үшін қауіпсіз болып танылды», – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің зерттеуші-профессоры Нұрбол Аппазов.

Қызылордалық ғалымдар шетелдік әріптестерімен бірге байқауға қатысу үшін өтініш беріп, Horizon-2020 бағдарламасы бойынша Еуропалық Одақтың грантын жеңіп алды. Енді ғылыми топ клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулер жүргізуді жоспарлап отыр.

Ал, осы университеттің инженерлік бейімдегі зертхана жетекшісі, Нұрғали Ақылбековтің айтуынша, қазіргі таңда көптеген химиялық тұрғыда ауруларды 100 пайызға жоятын немесе алдын алатын дәрілік препараттар жасау болып табылады. Осы біздің қазіргі жасап жатқан жұмысымыз аурулардың бастапқы кезенің емдеу болып табылады. Яғни соған қарсы дәрілік препараттар жасау. Қазір осы бойынша зерттеу қажырлы зерттеулер жүргізіп жатыр.

kyzylorda-news.kz
22 қыркүйек 2021 ж. 414 0