Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазыналы қарттарға құрмет көрсетілді

Қазыналы қарттарға құрмет көрсетілді

Елімізде қазан айының алғашқы жұлдызы Халықаралық қарттар күні болып атап өтіледі. Кеуделері шежіреге толы қариялардың парасатты пікірлері мен жас буынға берер ақыл-кеңестері қашан да қажет.

Осы орайда бүгін аудан әкімі Серік Сермағамбетов аудандық және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағаларымен бірге түрлі салада ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, зейнет жасына жеткен бірқатар еңбек ардагерлері мен жалғызбасты қариялардың отбасына барып, мерекемен құттықтады. Қарттармен кездесіп, жағдайларын білген соң әулеттің ақылшысы болып, тәлімді тәрбиесін аямаған аға ұрпақ өкілдеріне зор денсаулық пен амандық тілеп, сый-құрмет көрсетті.

Алдымен ардагер-журналист, Арал ауданының құрметті азаматы, абыз ақсақал Шәкірат Дәрмағамбетовтың отбасында болып, мерекемен құттықтап, сый-сияпат табыс етті. Жасы тоқсаннан асса да баспасөз беттеріне мақалаларын жариялап жүрген қарт журналистке зор денсаулық тіледі.

Одан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болған Кішкене Айбосынов пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы болған Садықбаев Әбілбай ақсақалдың үйлеріне арнайы бас сұғып, қоғам өміріне араласып, жас ұрпаққа өнегелі өсиеттері мен ақыл-кеңестерін айтудан жалықпаған ардагерлерге алғысын білдірді. Сондай-ақ төл мерекелерімен құттықтап, естелік сыйлықтарды тарту етті.

Аудан басшысы білім беру ісінің үздігі, ардагер-ұстаз Аманжол Жолмағамбетовтың отбасына да аялдап, мерекелік лебізін жеткізді. Зейнеткер қазіргі таңда Арал қаласындағы көше комитеттерінің төрағасы ретінде қоғам өміріне белсене араласып келеді.

Мұнан кейін аудандағы халықтың ата кәсібі саналатын балық шаруашылығы саласының ардагері, осы саланың бұрынғы министрі болған Құдайберген Саржановтың шаңырағында болды. Сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал бүгінгі күні де өзінің өмірлік тәжірибесімен бірге тың бастамалары мен де бөлісіп келеді.

Аудан әкімі мұнан кейін Арал қаласындағы жалғызбасты зейнеткер Арыстанбаева Зер апайдың үйіне барып, хал-жағдайын сұрады. Бүгінгі мерекемен құттықтап, арнайы сый-тартуларды табыстаған соң зейнеткердің жағдайы жауапты мамандардың бақылауында болатынын жеткізді.

Мерекеде арнайы көңіл бөліп, құрмет көрсеткен аудан басшысына ардагерлер ризашылықтарын білдіріп, елі игілігі жолындағы қызметіне зор табыс пен сәттілік тіледі.





Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

01 қазан 2021 ж. 528 0