Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагерлер кеңесіне жаңа төраға келді

Ардагерлер кеңесіне жаңа төраға келді

Аудандық ардагерлер кеңесінің VIII конференциясы өткізілді. Конференцияға аудан әкімі Серік Сермағамбетов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Нәжмәдин Мұсабаев, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының кеңесшісі Мақсұт Баекеев және ZOOM платформасы арқылы кент, ауылдық округ әкімдері мен кент, ауылдық округтердегі ардагерлер кеңесінің төрағалары қатысты.
Алдымен бүгінгі күнге дейін аудандық ардагерлер кеңесіне төрағалық етіп келген Кішкене Айбосыновқа құрмет көрсетілді. Қатысушылар Кішкене Дәуренбекұлының абыройлы өмір жолына тоқталып, атқарған жұмыстарын тілге тиек ете отырып, алғыстарын, ізгі лебіздерін жеткізді.
Өз кезегінде аудан әкімі С.Сермағамбетов аудандық және қалалық ардагерлер кеңесіне төрағалық етіп келген К.Айбосынов пен Ә.Садықбаев ағаларымыздың еңбек жолына тоқталды.
 – Екі ағамыз да зейнеткерлік жаста болса да, қоғамнан қол үзбей, аудан жұртының жоғын жоқтап, елге келген билік өкілдерінің, халық қалаулыларының алдында, елдің елеулі тұлғаларының ортасында түйінді мәселелерді көтеріп келді. Ауданымыздың таза ауызсуға, көгілдір отынға қол жеткізуі, көптеген әлеуметтік нысандардың бой түзеуі сынды жетістіктерінің артында осы ағаларымыздың орасан зор еңбегі, азаматтық ұстанымдары жатыр десек артық айтқандық емес,– деп, К.Айбосыновқа дәстүрімізге сай шапан жапты. Бұған қоса С.Дүйсенбаев облыстық ардагерлер кеңесінің арнайы Алғыс хатын тапсырып, құрмет көрсетті.
Конференция отырысының күн тәртібінде 2 мәселе қаралады. Алдымен конференция қатысушылары аудандық ардагерлер кеңесінің атқарған жұмыстары туралы есебін тыңдады. Бұл жайында аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Алдаберген Жоланов баяндап өтті. Мұнан соң есеп-санақ және тексеру комиссиясының құрамы бекітіліп, аудандық ардагерлер кеңесінің пленум мүшелері сайланды. Одан әрі облыстық ардагерлер кеңесі конференциясына 6 делегат бірауыздан сайланды.
         Конференция облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаевтың төрағалығымен өткен аудандық ардагерлер кеңесінің пленум отырысына ұласты. Аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшелерін сайлауды өткізген пленум мүшелері сайланған алқа мүшелері аудандық ардагерлер кеңесінің жаңа төрағасы ретінде  бір ауыздан аудандағы балық шаруашылығы саласының майталманы, кәсіпкер Әділбек Әйімбетовті лайық деп тауып,  сайлады. Әділбек Әйімбетов 1946 жылы Арал ауданы, Мергенсай ауылдық округінде дүниеге келген. Еңбек жолын Жалағаш ауданында құрылыс мекемесінде жұмысшы болып бастаған ол әр жылдарда абыройлы еңбек етіп аудан дамуына үлес қосты. Мергенсай ауылдық округінде сегіз жылдық мектебінің мұғалімі, «Аралтұз» комбинатында лаборатория бастығы, «Қызылорда құрылыс» тресінде бөлім бастығы, Қызылорда қалалық, облыстық партия комитеттерінде нұсқаушы,«Аралтұз» комбинатының директоры, облыстық партия комитетінің төрағасы, Арал аудандық атқару комитетінің төрағасы болды. Ал, 1991-2010 жылдарға дейін балық шаруашылығы саласының дамуына үлес қосты. Аралбалық өндірістік бірлестігінің бас директоры, «Қамыстыбас балық питомнигі» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры, «Арал Сервистік дайындау орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры болды. 2005 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Ал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалығына талай жыл аудан дамуына өзіндік үлесін қосып, Сазды ауылдық округі әкімі болған Әділхан Танымбетов тағайындалды.
Осылайша ауқымды түрде өткізілген ардагерлер кеңесінің VIII конференциясына қатысқан облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Н.Мұсабаев, аудандық денсаулық, білім саласының ардагерлері өз пікірлерін ортаға салып, ардагерлер кеңесіне жаңадан сайланған төрағаларға сәттілік тіледі. Ал аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, ауданның абыз ақсақалы Шәкірат Дәрмағамбетов жаңа сайланған азаматтарға, игі бастамаларға ақ батасын берді.

"Толқын" ақпарат
31 тамыз 2021 ж. 872 0