Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қала күніне орай марафон өтті

Қала күніне орай марафон өтті

Қызылорда қаласында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және қала күні мерекесі аясында «Салауатты Қызылорда» атты жеңіл атлетикалық кіші марафоны өтті.
Бұл шара қала күні мерекесінің бастауы ретінде ұйымдастырылды.

Туған қаламыздың көшелерімен жарыса жүйіткіп, мереке қуанышын бірге бөлісуге 200-ден аса қала тұрғындары мен өңір аудандары, Түркістан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарынан және Алматы, Шымкент қалаларынан марафоншылар қатысты.

Ашылу салтанатында қала әкімі Ғанибек Қазантаев қатысушыларды қала күні мерекесімен құттықтап, сәттілік тілеп, өзі де марафоншылар қатарында болды.

Шынайы пейілдеріңізбен қастерлі мекеніміздің мерейлі мерекесіне орай ұйымдастырылған шараға қатысуға белсенділік танытқандарыңызға алғысымды айтамын. Қала көшелерінің бойымен жөңкіген бұлттармен жарыса межеге жеңіл жетулеріңізге сәттілік тілеймін.
Жүгіруді дағдыға айналдырған тұрғындарымыздың саны арта берсін! Сүйікті қаламыздың төл мерекесі құтты болсын!, – деп лебізін білдірді қала әкімі.
10 шақырымды құраған аталған жарыс «Сыр-Ана» монументінен бастау алып, » Теміржолшылар» саябағында аяқталды.

Мәре сызығынан алғашқы болып өткендерді қала әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов құттықтап, дипломдар мен қаржылай сыйақылар табыстады.

Марафонның 10 шақырымдық сайысында ерлер арасында бірінші орынды Қармақшы ауданынан келген желаяқ Р. Келманов, екінші орынды М.Мақшат иеленді. Жүлделі үшінші орынға Н.Бөкенбайұлы қол жеткізді. Әйелдер арасындағы сайыста Петропавал өңірінен келген желаяқ В.Сергеева топ жарды. Екінші орын И.Юнгкинд еншісіне бұйырса, үшінші орынды Г.Панасинко иеленді.

I орынды иеленген жеңімпаздарға 100 мың теңге, екінші орынға 75 мың теңге және үшінші орынға 50 мың теңгелік қаржылай сыйақы берілді.

Марафон легінде ерлер арасындағы номициялармен марапатталғандар қатарынан көрінген Д.Баймаханов «Белсене қатысқаны үшін», Ж. Сағынай мен Н.Еменбаев «Тәуелсіздік құрдасы», 74 жастағы қызылордалық Александр Ким «Ең жасы үлкен марафоншы» номинациясын иеленсе, әйелдер арасында Н.Жұманова «Белсене қатысқаны үшін» және И.Юнгкинд «Ең жасы үлкен марафоншы» номинациясымен марапатталды.


syrboyi.kz
10 қазан 2021 ж. 587 0