Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгін - байланыс әскерлері күні

Бүгін - байланыс әскерлері күні

31 қазанда Қазақстан Қарулы Күштерінің байланысшылары кәсіби мерекелерін атап өтеді. Дәл осы күні 1994 жылы Қорғаныс министрінің директивасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының байланыс басқармасы құрылған болатын.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қазіргі кезде әлемде бәсекеге қабілеттіліктің басты факторларының бірі терең цифрландыру болып табылатынын атап өтті.
Қарулы қақтығыстар бүгінде әскерлерді тиімді басқаруды, қару-жарақтың, әскери және арнайы техниканың соңғы үлгідегі заманауи құралдары мен кешендерін қолдану қажеттілігін талап етеді. Белгіленген осындай міндеттерді шешу үшін байланыс әскерлері заманауи байланыс құралдарымен жабдықталған. Олардың жарақ құрамында цифрлық мобильді радиостанциялар, радиорелелік тропосфералық станциялар, әмбебап мобильді байланыс кешендері және командалық-штабтық машиналар бар.
Әскери байланыс күрделі даму жолынан өтті. Қазақстан армиясында әскери байланыс жүйесін құру мен қалыптастырудың бастауында генерал-майор Мүбәрек Орынбековтың атқарған еңбегі зор. Оның басшылығымен тәжірибелі офицерлер қажетті нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу, кадрлар даярлау және байланыс құралдарын жаңғырту бойынша бірқатар маңызды міндеттерді шешті.
Әскерлерді одан әрі дамыту үдерісінде Қарулы Күштер Бас штабы Байланыс департаментінің рөлі маңызды.
Байланыс – әскерлерді басқару жүйесінің маңызды бөлігі. Әскерлерді, әскери құралдар мен қаруды қолданудың тиімділігі байланыс жағдайына байланысты. Кез келген жағдайда және жергілікті жерде әскери байланысшылар жүктелген тапсырмаларды жоғары кәсіби деңгейде, жедел, сапалы және белгіленген мерзімде орындауға қабілетті.
Қазақстанда байланыс мамандарын даярлаудың дербес жүйесі қалыптасқан. Инженер маман-офицерлерді Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында дайындайды. Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар, қару-жарақ пен әскери техникаға техникалық қызмет көрсету саласының мамандары Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде жұмыс істейді. Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер байланыс әскерлерінің оқу-жаттығу орталығында аталған мамандықтың қыр-сырын меңгереді.

baq.kz
31 қазан 2021 ж. 508 0