Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қадағалаушы органның құрылым тарихы

Қадағалаушы органның құрылым тарихы

Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясына сәйкес Қазақ КСР-ның Жоғары Кеңесінің 1991 жылғы 6 желтоқсандағы қаулысымен еліміздің тәуелсіз прокуратура органдары құрылған болатын. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының 2004 жылғы 25 ақпандағы бұйрығымен 6 желтоқсан – Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының құрылған күні ретінде жарияланып, жыл сайын атап өту белгіленген. Міне, содан бері елімізде 6 желтоқсан бақылаушы органның кәсіби мерекесі ретінде аталып өтіліп келеді.
Енді осы прокуратураның қалыптасу тарихы жайында айтсақ. Қазақстан Республикасының прокуратурасы – Қазақстан Республикасының аумағындағы заңдардың, ҚР Президенті жарлықтарының және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің дәлме-дәл және біркелкі қолданылуын, жедел-іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және атқару-орындаушылық іс жүргізудің заңдылығын жоғарыдан қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган ретінде жұмыс істеп келеді.
Қазақстан Республикасы Прокуратурасының алғаш қалыптасуы мен дамуы 1922 жылдың 13 шілдесіндегі Қазақстан Орталық Атқару комитеті 3-ші сессиясының 2-ші шақырылымының шешімінен бастау алды. Содан кейін Әділет халық комиссариатының құрамында мемлекеттік прокуратура органы құрылды. Ал 1933 жылы прокуратураның өкілеттігі кеңейіп, Әділет халық комиссары жанында прокуратура басқармасы құрылып, дербестікке қол жеткізді. Жерлесіміз Сүлеймен Есқараев Қазақ КСР-ның тұңғыш дербес прокуроры болды.
1991 жылдың 6 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, оның дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» Қаулысымен Қазақ КСР Бас прокурорына бағынатын бірыңғай прокуратура органдарының жүйесі құрылды.
1992 жылғы 17 қаңтарда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің  Қаулысымен «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Заң күшіне еніп, соған сәйкес прокуратура Жоғарғы Кеңеске есеп беретін, заңдардың орындалуына жоғарғы қадағалауды жүзеге асыратын орган болды.
1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Конституциямызда және Президенттің 1995 жылғы «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Заң күші бар Жарлығында көрініс тауып, бекітілді. Осылайша құрылымдық кезеңнің түрлі баспалдағынан өткен бақылаушы органның бірыңғай орталықтандырылған дербес жүйе екендігін Конституцияның 83-бабындағы прокуратура туралы негізгі ереже айқындап берді. Сөйтіп, прокуратура республикамыздың мемлекеттік билік органдары жүйесінде өзінің конституциялық орнын еншіледі.
Арал аудандық прокуратурасының тарихы 1938 жылдан бастау алады. Аралдың тұнғыш прокуроры қызметін Мықтыбаев атқарған. Осындай абыройлы да жауапты қызметті Қ.Шектібаев, Б.Джанбекова, К.Құлмурзина, С.Қаухарбеков, Ж.Берденов, Ж.Исаев, А.Көптаева, А.Кенжеғараев, А.Әлібаев, А.Музатов, Т.Рахимов, А.Смағұлов, Е.Жалғасбаев, К.Қосекеев, Б.Бұйраев, А.Аймағанбетов, И.Махшатов, Ә.Абдуллаев, Б.Елшібеков, Б.Тоқмырза, А.Таженов сынды азаматтар атқарған. 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап Мадияр Ертарғынұлы Бекпанов атқаруда.
Аудан прокуратурасының қызметкерлері қай кезде де осы органның мәртебесін көтеріп, беделін асқақтатып, құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті жоғары қадағалауда қырағылық танытып, ағалардың сара жолымен жүріп, адал қызмет етіп келеді.
А. БИСЕНОВ
04 желтоқсан 2021 ж. 741 0