Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Президент «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты

Президент «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін салтанатты түрде марапаттау рәсімінде бейнебайланыс режимінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Алтын сапа» байқауы 15 жылдан бері өткізіліп келе жатқанын және бүгінге дейін 150-ден астам компания Президент сыйлығының иегері атанғанына назар аударды.
– Биылғы салтанатты жиын Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Егемендік кезеңінде Қазақстанда бизнестің дамуына жан-жақты жағдай жасалды. Соның нәтижесінде жаңа заманға сай кәсіпкерлер шоғыры қалыптасты. Олар ұлттық экономиканың басты қозғаушы күшіне айналуда, – деді Мемлекет басшысы.


– Бүкіл еліміз бойынша 1500 жаңа өндіріс іске қосылды. Бұл мақсатқа 9 триллион теңгеден астам инвестиция жұмсалды. 220 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты 3 есе өсіп, 15,4 миллиард долларға жетті. Қазақстанда өңделген өнімдер бүгінде 131 мемлекетке экспортталады, – Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы отандық өнеркәсіпті, медицина ғылымын цифрландыру ісіндегі жетістіктерге тоқталды.
Президент өз Жолдауында 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге, еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыру міндетін жүктегенін еске салды. Оның пікірінше, бұл аса маңызды мақсат. Оған қол жеткізу үшін барлық мүмкіндік бар және қажетті жағдайлар жасалуда.
Осы ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев отандық өңдеу өнеркәсібінің шикізатқа қол жетімділігін қамтамасыз ететін «Өнеркәсіп саясаты туралы» Заңды тезірек қабылдаудың маңызды екенін атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы отандық бизнестің көрші елдердің нарығына шығуы үшін заманауи инфрақұрылымды дамыту қажеттігі жөнінде айтты.
– «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығы табысты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар тағы төрт трансшекаралық хаб: оның екеуін Ресеймен шекарада, Өзбекстанмен және Қырғызстанмен шекарада бір-бірден салу жоспарлануда. Бұл транзакциялық шығындарды азайтуға, көлік логистикасының тиімділігін арттыруға және нәтижесінде экспортымызды ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы елімізде өндірілетін тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың және сапаны бақылаудың заманауи жүйесін енгізудің маңызына назар аударды.
– Кәсіпорындардың бизнес-процестеріне жасалатын диагностика осы саладағы жаһандық үрдістерге сай болуға тиіс. Бұл жерде, ең алдымен, цифрландыру және Индустрия 4.0 элементтерін пайдалану туралы сөз болып отыр. Осыған байланысты «Алтын сапа» конкурсының талаптарын Сапаны басқарудың еуропалық қорының (EFQM) жаңа моделіне біртіндеп сәйкестендіру керек. Біз үздік халықаралық үлгілер мен тәжірибелерге сай болуымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы өнеркәсіп саласында білікті мамандардың жетіспейтініне ерекше назар аударды. Бұл – индустрияландыру үдерісін тежейтін факторлардың бірі.
– 2025 жылға қарай 500-ге жуық индустриялық жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Үкімет аталған өндіріс орындарында жұмыс істейтін білікті кадрларды осы бастан дайындауы керек. Бүгінде мемлекет жұмыс берушілерге нақты қолдау көрсетіп отыр. Жұмыс орнында оқыту, «Ұрпақтар келісімшарты» және «Алғашқы жұмыс орны» сияқты жас мамандарға қолдау көрсету шаралары іске асырылуда. Мемлекет тарапынан тиісті субсидиялар қарастырылған. Дегенмен, әлі де жеткіліксіз. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, жұмыспен қамтуды және қызметкерлердің біліктілігін арттыруды ынталандыруға бағытталған қосымша шараларды пысықтауы қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев індет кезінде еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне зор қолдау көрсеткен отандық кәсіпкерлер мен Қазақстандағы халықаралық компаниялар әлеуметтік жауапкершілік қағидасын әрдайым берік ұстанатынын атап өтті.
Бұдан бөлек биылғы «Парыз» байқауына қатысушылардың әлеуметтік жобаларға және қайырымдылық шараларға 20 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсағаны атап өтілді. Олар 7 мың жаңа жұмыс орнын ашқан.
– Елімізді өркендетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бизнес өкілдері барынша атсалысуда. Осы орайда мен барша кәсіпкерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ осы байқауларға қатысқан кәсіпорындарға арнайы алғыс айтамын. Әсіресе, еңбек ұжымдарын бөлек атап өткім келеді. Бұл марапаттар – көп жылғы қажырлы еңбектің жемісі, – деді Мемлекет басшысы.
Президент конкурс жеңімпаздарын жариялап, шын жүректен құттықтады. Сондай-ақ бүгінгі марапат олардың жұмыстарының одан әрі табысты болуына тың серпін беретініне сенім білдірді.
Биыл «Алтын сапа» конкурсының «Үздік индустриялық жоба» номинациясын «YDD Corporation» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (Қарағанды облысы) иеленді, «Үздік инновациялық жоба» номинациясы бойынша ««Агрофирма TNK» (Ақмола облысы) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үздік атанды. «ПО Глобал-Спецодежда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (Ақтөбе облысы) мен «Karachaganak Petroleum Operating B.V.» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қазақстандық филиалы (Батыс Қазақстан облысы) «Парыз» конкурсының бас жүлдесін иеленді. Жеңімпаздарға жүлделерді Премьер-Министр Асқар Мамин табыстады.

kyzylorda-news.kz
07 желтоқсан 2021 ж. 280 0