Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақының шекті межесін көтеру мерзімін ұзартуды тапсырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке зейнетақы жинағының шекті межесін көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды.
«Мемлекет басшысы зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеру туралы шешімге қатысты көпшіліктің өтінішіне құлақ асты», – делінген президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желіде жариялаған ақпаратта.
Шекті меже келесі жылдан бастап ең төменгі жалақының өсуіне байланысты көтеріледі. Зейнетақы жүйесінің негізгі міндеті – азаматтарды зейнетке шыққаннан кейін қажетті жеткілікті табыспен қамтамасыз ету.
«Сондықтан зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеру жөніндегі шешім – негізінен осы бағыттағы дұрыс қадам. Мемлекет басшысы зейнетақы қорындағы шекті межеден асқан қаржысын пайдаланып үлгермеген азаматтарды қолдады. Үкіметке бұрынғы шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды», – деп жазды Уәли.
kyzylorda-news.kz