Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздікке 30 жыл: Қызылордада учаскелік полиция инспекторларына жаңа автокөлік берілді

Тәуелсіздікке 30 жыл: Қызылордада учаскелік полиция инспекторларына жаңа автокөлік берілді

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында  Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және облыс әкімдігінің қолдауымен Қызылорда облысы Полиция департаментінің автопаркі су жаңа автокөліктермен толықты.  Жол талғамайтын тұлпарлар учаскелік полиция инспекторларының иелігіне берілді.   Бұл көліктер заманауи жабдықталған.   Бүгінгі су жаңа автомобильдердің басым бөлігі аудан орталықтары мен облыстың шеткері орналасқан елді-мекендеріне жөнелтіледі.
Қазақ елінің ұлық мерекесі қарсаңында Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Сұлтан Бектөре халықтың құқығы мен бостандығының қорғалуы жолында ерекше көзге түсіп, қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып жүрген қызметкерлерді марапаттады.  
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай  ұйымдастырылған салтанатты шара  облыс орталығында орналасқан Рәміздер алаңында өтті.  Шараның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Тұрғымбаев Ерлан Заманбекұлының арнайы  құттықтау жедел хаты оқылды. 
Министр бұйрығымен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, халықтың құқығы мен бостандығының қорғалуы жолында ерекше көзге түсіп, қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып жүрген қызметкерлер марапатталды. Департамент бастығы полиция полковнигі Бектөре Сұлтан бұйрығымен ардагерлерге құрмет көрсетіліп, бірқатар қызметкерлерге жаңа шендер табысталды.       
«Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан жұмыстың негізгі тұлғасы учаскелік полиция инспекторы екендігін атап өтті. Бұл ретте учаскелік инспектордың мәртебесін заңды түрде арттыру, оған нәтижелі жұмыс үшін барлық мүмкіндіктерді беру тапсырылды. Учаскелік полиция инспекторларын қажетті техникамен қамтамасыз етіп, мәртебесін көтеру — Президенттің және Ішкі істер министрінің «Халыққа жақын полиция» қағидаты бойынша нұсқауын сапалы және уақтылы орындауларына мүмкіндік береді» деді Департамент  полиция полковнигі Сұлтан Бектөре.
Су жаңа көліктер ел тыныштығын күзетіп, темірдей тәртіпті сақтап жүрген полицейлер қызметінің жеделдігін арттырып, облыстағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге  септігін тигізбек.        
Сонымен қатар, бүгінгі салтанатты шара барысында полиция қатарына  қосылған жас қызметкерлер ант қабылдады. Ант қабылдау – әрбір полиция қызметкері үшін толғандыратын салтанатты сәт. Өзінің қызметін, өмірлік жолын халыққа қызмет етумен байланыстырған жас қызметкерлер    азаматтық борыштарын абыроймен атқаруларына ант береді.  
 «Еліміздің ұлық мерекесі Тәуелсіздік күні қарсаңында ант беріп,  Отанымызға, кәсібімізге өмір бойы адал қызмет етуге сөз бердік.  Ант қабылдау рәсімі – біз үшін ең маңызды және ерекше күн» деді полиция қызметіне жаңадан қабылданған   Нұрғалиев  Бағдәулет.                      
 Департамент бастығы полиция полковнигі Сұлтан Бектөре еңбегі еленген полицейлерді құттықтап, қызметтеріне сәттілік тіледі.  
«Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке. Көк байрағы желбіреген,  бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болсын! Полиция қызметкерлері халықтың қауіпсіздігін биік қойып, азаматтық борышын өтеу жолында аянбай еңбек етіп, алдыңғы шепте жүреді. Осынау мерекелік күнде барлық қызметкерлерге мінсіз қызмет атқарғандары үшін алғыс айта  отырып, еңбектеріне табыс, барлық бастамаларына сәттілік тілеймін!» – деді департамент бастығы.

kyzylorda-news.kz​​​
13 желтоқсан 2021 ж. 534 0