Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада кәсіпкерлердің газ тарату жүйесіне қосылуы үшін техникалық шарт беріле бастады

Қызылордада кәсіпкерлердің газ тарату жүйесіне қосылуы үшін техникалық шарт беріле бастады

Қызылорда облысында кәсіпкерлер үшін газ тарату жүйелеріне қосылуға техникалық шарт беру басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл - жергілікті кәсіпкерлердің өткен жылдан бері көтеріп жүрген өзекті мәселесі болатын. «ҚазТрансГаз» ҰҚ» АҚ 11 қаңтарда жаңа коммуналдық-тұрмыстық және өнеркәсіптік кәсіпорындарды газбен жабдықтау жүйесіне қосуға техникалық шарт беру қайта басталғанын жеткізді.
Өткен жылдың 17 қыркүйегінде «ҚазТрансГаз» ҰҚ» АҚ бас директоры «Газбен жабдықтау жүйесіне қосуға техникалық шарт беруді тоқтата тұру туралы» бұйрық шығарған болатын.
Бұйрыққа сай 11 өңірде, соның ішінде Қызылорда облысында жаңадан қосылатын кәсіпкерлік нысандарға техникалық шарт беру тоқтатылды. «Кәсіпкерлік нысандарды газбен жабдықтау жүйесіне қосуға техникалық шарттарды беруді тоқтату кәсіпкерлікті дамытуға айтарлықтай кедергісін келтірді.
Кәсіпкерлер нысандарды уақытылы іске қоса алмауы салдарынан несиелік міндеттемелерді орындауына қиындығын тигізіп, қаржылық жағдайы нашарлады. Бізде бар ақпарат бойынша, облыста 27 кәсіпкерге техникалық шарт беруден бас тартылды. Шектеу шаралары өңірдің инвестициялық тартымдылығын төмендетуге және іске асырылып жатқан инвестициялық жобаларды тоқтатуға алып келетін еді», – дейді кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов. Аталған мәселеге қатысты кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлік субъектілерінен газбен жабдықтау желілеріне қосуға техникалық шарттарды алуға көмек көрсету туралы бірнеше өтініш түсті.
Осындай өтініштер Бақытбек Ербошаев пен Қайрат Досымов сынды жеке кәсіпкерлерден келді. Кәсіпкерлер наубайхана ашу үшін жеңілдетілген несиеге құрал-жабдықтар сатып алады.
Ендігі кезекте кәсіпкерлік нысанын газға қосу мақсатында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-на өтініш берсе, олардың өтінішінен аталған мекеме бас тартқан. Бұл мәселе палата мамандарымен жан-жақты зерделеніп, өткен жылдың 23 желтоқсанында өңірлік кеңес отырысында да облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өкілдерімен талқыланды. «Біздің мәселеміз Өңірлік кеңесте қаралып, оң шешілді. Палата мамандарының сүйемелдеуімен техникалық шарт алып, қазір газға қостыру жұмыстарын реттеудеміз. Наубайхана ұжымы атынан облыстық кәсіпкерлер палатасының ұжымына алғыс айтамыз», - дейді жеке кәсіпкер Қайрат Досымов.
Кәсіпкерлер палатасы бұл проблеманың аймақта кәсібін жаңадан іске қосып жатқан кәсіпкерлерге айтарлықтай кедергі болып, алаңдаушылық тудырып тұрғанын ескертіп өткен жылдың 27 желтоқсанында «ҚазТрансГаз» ҰҚ» АҚ-на хат жолдаған еді.
Жақында мәселенің оң шешілгені туралы ақпарат алды.
11 қаңтарда «ҚазТрансГаз» ҰК» АҚ өңірлердегі «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-на жазған хатында: «Табиғи газ ел өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратынын, сондай-ақ Қоғамның шағын және орта бизнесті қорғауға бейінділігін ескере отырып, газ құбыры инфрақұрылымының техникалық мүмкіндігін және жазғы және қысқы кезеңдерде жүктелуін ескере отырып, газбен жабдықтау жүйесіне жаңа коммуналдық-тұрмыстық және өнеркәсіптік кәсіпорындарды қосуға техникалық шарттарды беруді қайта бастау қажеттілігі туралы хабарлаймыз», – деп көрсетілген.
21 қаңтар 2022 ж. 610 0