Төтенше жағдай: Аймақ басшысы мәлімдеме жасады
19 қаңтардан бастап аймақта төтенше жағдай режимі аяқталды. Осыған орай облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ресми мәлімдеме жасап, тұрғындарды сақтық шараларын сақтап жүруге шақырды.
Аймақ басшысы қылмыс жасағандар заң бойынша жауапқа тартылатынын айтып, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әртүрлі құқық бұзушылық бойынша ұсталған азаматтардың кінәлілік деңгейі анықталатынын және тергеу шараларын жүргізу барысында адам құқықтарының бұзылуына жол берілмейтінін жеткізді. Айта кетерлік жайт, аймақта орын алған жаппай наразылыққа қатысқан 952 адам құқық қорғау органдарына жеткізілді. Құқық бұзушылық әрекеттері бойынша 56 қылмыстық іс қозғалып, 97 адам қамауға алынған. Сондай-ақ, 436 әкімшілік іс қозғалып, 154 адам қамалған.
Аймақ басшысы ел басына түскен қиын кезеңдерде тұрғындардың бейбіт өмірі мен қауіпсіздігі үшін басын қатерге тігіп, өз міндеттерін мінсіз атқара білген күштік құрылым өкілдері мен дәрігерлерге алғыс айтты.
– Сын сағатта жаппай тәртіп бұзушылармен күресіп, мемлекет тұтастығын сақтауда алдыңғы сапта тұрып, азаматтарымыздың өмірі үшін жанкештілік танытқан барлық құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне алғысымызды айтамыз. Антына берік дәрігерлер де төтенше жағдай кезінде қызметтеріне адалдықтарын көрсетті. От пен оқтың ортасында жүріп жаралылардың өмірін аман сақтап қалуға тырысты. Бұл ретте барша медицина қызметкерлеріне мың алғыс! – деді облыс әкімі Г.Әбдіқалықова.
Қазіргі таңда облыс көлемінде коммуналдық қызметтер мен шағын және орта бизнес нысандары қалыпты жұмыс жасауда. Өңірде қажетті азық-түлік өнімдері мен жанар-жағармай қоры жасақталған. Ал орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде зақымданған мемлекеттік ғимараттар да көп ұзамай жөнделетін болады. Бұл туралы аймақ басшысы хабарлап, ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстары 20 ақпанға дейін аяқталатынын мәлімдеді.
Облыс әкімі барша Сыр жұртшылығын ел Президенті ұстанған бағытты қолдап, қай істе болмасын бірлік танытуға шақырды. Себебі алдымызда тұрған жаңа Қазақстанды қалыптастыру жұмыстары баршаға ортақ іс.
– Бүлікшілермен күрес кезінде азаматтардың көпшілігі патриоттық танытып, келісім мен бірлікті көрсетті. Сынақ кезінде бірге болған барша Сыр жұртына риясыз алғысымызды білдіреміз. Халықтың бірлігімен кез келген қиындықтан шығамыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бірлікке үндейтін ұстанымдарына қолдау білдірейік! Елдің іргесі берік болсын! Күшіміз бірлікте! – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
«Толқын» ақпарат