Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамдық көлік қызметін бастады

Қоғамдық көлік қызметін бастады

Арал қаласының жұртшылығы үшін жылдар бойына шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі – қоғамдық көлік қатынасының жоқтығы болатын. Иә, қоғамдық көлік қызметін тұтынуды ұмытқалы қашан. Бірақ қала тұрғындары жыл сайынғы аудан, қала әкімінің есебінде тұрақты түрде көтеріп жүрді. Осы істі қолға алып, кәсіпкерлерге қозғау салуды жиі сұрайтын. Міне, осы жұмыс бүгінде жүзеге асты. 7 ақпаннан бастап «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларына» сәйкес, Арал қаласында №1 қалалық жолаушылар тасымалдау маршруты өз қызметін бастады.
Қала тұрғындарына жолаушыларға арналған қоғамдық көлік қызметін ұсынып отырған кәсіпкер Анар Еділбаева:
– Кәсіпкер қашан да халықтың мүддесіне жұмыс жасауымыз керек. Біз де жақсы білеміз, халықтың көптен бері қоғамдық көлікке мұқтаж екенін. Сондықтан осы жұмысты қолға алуға бел будым. Дәл қазіргі уақытта 16 орындық 2 Газель жұмысын бастады. Бұл – тек бастамасы ғана. Алдағы уақытта көліктер санын 8-ге жеткізіп, қала тұрғындарын барынша қамтамасыз етуді мақсат етіп отырмын.
Жұмыстың алға жылжуы мен оны жандандыруға құлшынысты арттыратын ол тұтынушылардың берген бағасы ғой. Алғашқы күннің өзінде қаланың шеткі аумақтарында тұратын тұрғындар алғысын айтып жатыр. Жуырда ғана жаңадан берілген баспаналарға орналасқан тұрғындар "Осы уақытқа дейін көршілерімізді танымайды екенбіз. Бүгін көріп, танысып жатырмыз" деп әзілдеп те жатыр. Міне, осының өзі шабыттандырады. Алдағы уақытта аудандық атқарушы биліктен де қолдау болатынын айтты. Бұл да жұмысты жандандыратынына сенемін, – дейді.
Айта кетейік, маршрут орталық ауруханадан бастап, Тәжі Палуан көшесі аралығын қамтитын болады. Жол ақысы ересектерге – 70 теңге, оқушыларға – 35 теңге. Қоғамдық көліктің жұмыс уақыты күнделікті сағат 07:30-19:30 аралығында. Көліктер арасындағы интервал 10 минут.
"Толқын" ақпарат
08 ақпан 2022 ж. 367 0