Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ халқы Әбдіжәміл Нұрпейісовті ақтық сапарға шығарып салды

Қазақ халқы Әбдіжәміл Нұрпейісовті ақтық сапарға шығарып салды

КСРО және Қазақстан мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов 2022 жылдың 5 ақпанында 98 жасқа қараған шағында дүниеден озды
Алматы жұртшылығы Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовті ақтық сапарға шығарып салды. Жазушымен қоштасу Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрында өтті. Қаралы жиынға жүздеген адам жиналған.
Жазушымен қоштасуға қала тұрғындары, марқұмның жақындары мен әдебиеттегі әріптестері, мемлекеттік хатшы Ерлан Карин, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев пен саясаткерлер Бақытжан Сағынтаев пен Қырымбек Көшербаев, Иманғали Тасмағамбетов қатысты. Мемлекеттік хатшы Ерлан Карин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып, марқұмның туыстарына табыстады.
Ерлан Карин өз атынан да қаралы қауымға көңіл айтып, жазушының бір ғасырлық өмір жолын айтып өтті.
– Қазақ жұрты өз Әбесін жоқтап отыр. Әбенің бір ғасырлық ғұмырына талай заман енді. Алаш қайраткерлерінің заманында дүниеге келіп, қуғын-сүргін, ашаршылық, соғыс нәубетін көріп, кеңес үкіметі кезінде әдебиетпен шұғылданды. Одан кейін тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалауға атсалысты, енді жаңа Қазақстанға қадам басқанда бақилық болды. Ағамыздың бір ғасырлық ғұмырына еліміздің, ұлтымыздың бір ғасырлық тарихы енді. Бір ғасырда қазақ халқы көрген нәубет пен жақсылықты бірге көрді, бірге көтерді, өз бойынан өткізді. Сондықтан бүгін біз Әбеңмен емес, тұтас бір дәуірмен қоштасып тұрмыз. Бұл – қазақ әдебиеті тарихындағы дәуір емес, ұлт руханиятының тарихындағы бір дәуір, – деді мемлекеттік хатшы Ерлан Карин.
Қаралы жиында марқұмның өмірдегі рухани серігі, әдебиеттегі әріптесі халық жазушысы Дулат Исабеков те сөз сөйледі. Ол жиналғандарға Әбдіжәміл Нұрпейісовпен болған бір әңгімені айтып берді.
– Бұл күнді де бастан кешіруімізге тура келді. Адам жүз жасай ма, Лұқпан хакім сияқты мың жасай ма, о дүниеге аттанғанда бәрі үшін қайғы. Әбекең жайлы айтылар сөз көп. Бір ғасыр жасаған, бір ғасырды түгел әдебиетке ғана арнаған, басқаға мойын бұрмаған... Бір сөзі үшін кітаптарын бір айға тоқтатуға дайын Әбекең бәріміздің ұстазымыз. Маған телефон соққанда «әй, бала» деуші еді. Енді олай айтатын адам жоқ, бізді қартайтып кетті, – деді Дулат Исабеков.
Нұрпейісов – менің ұстазым, өмірдегі ақылшым, абызым, замандасым және құрдасым. Қандай әзіл айтсам да, жанына бататын әзіл айтсам да, басқа біреуге шап ете қалатын Әбекең маған күліп қана қоя салушы еді. Қазақстанда басқа жер жетпей қалғандай, Беларанда моласын салдырып қойды. Бір күні барсам, бұлқан-талқан болып ашуланып отыр.
«Беларандағы моламды былтыр көріп едім, моламның мола сиқы жоқ. Құмға батып кеткен, әріптері түсіп қалған» деді. Беларанға барып жататын болсаңыз, ешкім бармайды дедім. Әбеке, ол ауданның әкімін боқтауға болмайды. Өйткені ауданның бюджетінде тірі адамның моласын жөндеуге ақша қаралмаған. Моланы бульдозермен бұздырайын, бұздырғыңыз келмесе, ол жерге анда-санда барып жатып тұру керек дедім,– деп еске алды Дулат Исабеков Әбдіжәміл Нұрпейісовпен әңгімесін.
Жазушымен қоштасу жиынында Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова дарабоз тұлға, қарымды қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісовтің классикалық шығармаларын жас ұрпаққа насихаттап отыру азаматтық парызға айналғанын айтты.
– Әбдіжәміл аға шығармашылық ғұмырының тең жартысын туған жері Аралға арнады. Қаламын найзадай білеп, сеңдей жарылып, Аралға араша түсуі – жазушы ғұмырының соңғы парызы болды. Алаш алыптарына тән ірілік, кеңдік, парасаттылық, зиялылық бір бойынан табылған. Өзгеге де, өзіне де қатаң талап қойып, көркем сөздің беделін биіктеткен Әбдіжәміл ағаның ендігі дәуірі шексіздікке ұласты, – деді аймақ басшысы.
Гүлшара Әбдіқалықова жазушының жерлеу рәсіміне қатысуға Сыр елінен бір топ жерлесі келгенін айтты. Сондай-ақ халық жазушысының туған жері Белараннан топырақ әкелінгенін жеткізді. Қаралы жиында марқұмның шығармашылық жолындағы елеулі еңбегін ортаға шығып айтқандар қатарында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, мемлекеттік қайраткер Қырымбек Көшербаев та бар. «Жұлдыз» журналының бас редакторы Мереке Құлкенов, мемлекет қайраткері Құдайберген Саржанов және Иманғали Тасмағамбетов жазушы туралы естелігімен бөлісті.
Ғасырға жуық ғұмыр кешкен марқұмды Алматы жұртшылығы Кеңсай зиратында жер қойнына берді.

azattyq-ruhy.kz
08 ақпан 2022 ж. 326 0