Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің құттықтауы

Аудан әкімінің құттықтауы

Аяулы аналар, қадірлі қыз-келіншектер!
Сіздерді жер жүзін шуағына бөлеп, өмірімізге нәр берген көктем мезгілінің айтулы мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақ халқы ықылым заманнан анасын – қорғаным, әпкесін – ес тұтар айбыным, қарындасын – қадірім, қызын ар мен ұяттың үлгісі деп білген. «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деп қадірлеген. Осылайша, халқымыз қыз-келіншектердің үйдегі де, қоғамдағы да орнын айшықтаған, ең қасиетті ұғымдарды Анаға балаған. Сондықтан біз Отан-Анамызды, Ана тілімізді және Жер-Анамызды ерекше қастерлейміз, құрметтейміз.
Қазіргі таңда әйелдердің  ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы үлесі зор. Әсіресе әрбір адамға етене жақын білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, мәдениет салаларындағы олардың еңбегінің орны бөлек. Ең бастысы, әйел адам қай салада қызмет етпесін, сол саланы өркендетіп, дамытуға айрықша үлес қосып, көпшіліктің ыстық ықыласы мен ілтипатына бөленіп жүреді.
Қымбатты аналар, ардақты асыл жандар!
Күлімдеп жеткен көктемнің қуанышты мерекесінде аналар егемендік пен елдік барда ешқашан ескерусіз қалмайды. Себебі адамзат баласы қандай биікке көтерілсе де, тіпті, әлемді билесе де алтын құрсақты аналарымыздың алдында қарыздар. Сондықтан көңілдерге қуаныш ұялатып, жаңару мен түлеудің жарқын сәтімен тұспа-тұс келген осы бір маңызды мереке қарсаңында риясыз пейілден төгілер тілектер сіздердің жандарыңызды жадырата берсін. Әрқашан жақсы өмірдің жарасымды гүліндей жайнап, бақытты да баянды ғұмыр кешіңіздер.
Бүгінгідей мерейлі мерекеде Сіздерге зор денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық, береке-бірлік тілеймін!
Ізгі ниетпен, аудан әкімі С. Сермағамбетов
06 наурыз 2022 ж. 659 0