Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада Наурыз мейрамы орталық алаңда тойланады

Қызылордада Наурыз мейрамы орталық алаңда тойланады

Елдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануына байланысты мерекелік шаралар санитарлық нормаларды сақтай отырып офлайн режимінде аталып өтілмек. Сыр өңіріндегі мейрам кеше Амал мерекесімен басталды. Негізгі шаралар облыс орталығында 21-22 наурыз күндері аралығында өткізіледі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова.


«9 күн бойы Ұлыстың ұлы күні аталып өтіледі. Әрбір күн бір атаулы іс-шараға арналады. Шараны ұйымдастырудың идеялық мазмұны алдымен салт-дәстүрді, әдет-ғұрыптарды жаңғыртып, насихаттау боп табылмақ.
15 наурызға – Дәстүрлі құндылықтар күні деген атау бердік. Бүгіннен бастап барлық білім беру ұйымдарында «Наурыз мейрамы» ұғымының пайда болу тарихы туралы тәрбие сағаттары, дәрістер, көрмелер, экскурсиялар ұйымдастырылуда.
Сонымен қатар, қайырымдылық шаралары Наурыз мейрамының маңызды құрамдас бөлігі. 16 наурыздан бастап меценаттарды, кәсіпкерлер мен еріктілерді тарта отырып, қала, аудандарда, кент және ауылдық округтерде «Наурыз мейірімі» қайырымдылық акциялары өткізіледі.
Наурыз мерекесінде ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға жол ашуымыз керек. Осы ретте, 17 наурызда мерекені бұқаралық тойлау мақсатында халық көп шоғырланған орындарда, орталық стадионда ұлттық спорт түрлерінен сайыстар, тұрғындарға арналған «Спорт алаңдары» атты шаралар ұйымдастырылады», – деді Мира Жомартқызы.
Балалар жылына орай, 18-не «Наурыз қоржыны» акциясы, «Наурыз шапағаты», «Балаларға базарлық», «Ертегілер елінде»секілді жеткіншектерге арналған шаралар өткізілмек.
Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шараларды ұйымдастыруға байланысты 19 наурызда жалпыхалықтық сенбілік болады. Ал, 20 наурыз қолөнер туындыларын әзірлейтін шеберлер күніне арналады.
Айта кетейік, облыстық ішкі саясат басқармасы 14-22 наурыз аралығында түрлі форматта барлығы 80-ге жуық шараны өткізуді жоспарлауда.

kyzylorda-news.kz
15 наурыз 2022 ж. 893 0