Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүлшара Әбдіқалықова Сырдария ауданына жұмыс сапарымен барды

Гүлшара Әбдіқалықова Сырдария ауданына жұмыс сапарымен барды

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сырдария ауданына жасаған жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы мәселелеріне арналған арнайы жиын өткізді. Оған салалық басқарма басшылары мен шаруалар қатысып, көктемгі егін науқанына дайындық, эпизоотиялық ахуалды тұрақтандыру, субсидияны бөлу тәртібі мен белгіленген лимит бойынша суды пайдалану мәселелерін талқылады.

Жиында өңір басшысы биыл да су деңгейінің төмен болатынын қаперге салып, суды аз қажет ететін өнімдерге басымдық беру, бекітілген лимитке байланысты суды тиімді пайдалану керектігін айтты. Қалыптасқан жағдайға қарамастан, канал арналарын тазалау, насос қондырғыларын орнату мен вегетациялық кезеңдегі әрекет ету жұмыс жоспарын тізбеледі.
«Бүгінге дейін барлық аудандағы шаруалармен кездесіп, ортақ мәселелерді талқыладық. Оның ішінде, су лимитін дұрыс пайдалану, егілетін егін көлемін нақтылауға тиіспіз. Облыстағы су тапшылығының алдын алу мақсатында Жол картасына енгізілген бірінші кезектегі 65 жобаға ҚР Үкіметі резервінен 3,6 млрд.теңге бөлінді. Оған барлығы 22 канал тазалау, 52 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау, 133 дана насос қондырғысын алу жоспарда бар. Соның ішінде, Сырдария ауданының ауылдық елді мекендерінің экологиялық жағдайын жақсарту және егістікті суландыру мақсатында биылғы жылғы 429 млн.теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бұл қаржыдан аяқ суға 19 насос және егістікті суландыруға 15 насос, облыстық бюджеттен 3 насос қондырғысы сатып алынады», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Мұнан соң аудан әкімі Мұрат Ергешбаев су тапшылығының алдын алу бойынша ауданда атқарылатын жұмыстар туралы айтса, бірқатар басқарма басшылары вегетация кезеңінде аймақта іске асырылатын жұмыстар легін баяндады.
Жиында «Ақжарма-2», «Қызылдихан» шаруа қожалық төрағалары мен «Мәді Қажы» серіктестігінің директоры субсидия алу, тыңайтқыштарды сатып алу, мал азығын дайындау мен оны тасымалдау, көктемгі егінге қажетті су қорына қатысты өзекті мәселелерін жеткізді.
Отырыста өңір басшысы су лимиті белгіленсе, егін көлемін нақтылау керектігін қаперге салды. Сондай-ақ, республикалық бюджет есебінен қоғамдық жұмыстарға бөлінетін қаржыға егін науқаны кезінде қызмет ететін мамандарды қолдау тетіктерін қарастыру керектігін еске салды.
Айтылған ұсыныстарды ескере отырып, өңір басшысы аудан әкімі мен жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырма берді. Оның ішінде, егіске қажетті суармалы судың лимитін нақтылап, он күн сайын су жеткізу кестесін белгілеуді, каналдарды тазалау жұмыстарын жүргізуді және қажетті су насостарын алуды жеделдетуді, аудан аумағында қазуға жобалық-сметалық құжат дайындауды жүктеді.
kyzylorda-news.kz
31 наурыз 2022 ж. 296 0