Тұғырымыз – тыныштық, тірегіміз – тұрақтылық, тілегіміз – татулық
Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесін айдынды Арал жұртшылығы өзіндік сән-салтанатымен атап өтті. Мемлекеттегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың символына айналған мереке 1996 жылдан бері аталып келеді. 130-дан астам ұлт пен ұлысты ұйыстырып отырған мемлекет үшін бұл күннің орны ерекше. Көптеген ұлттың ортақ шаңырағына айналған байтақ Қазақстан – бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгі.
Осы орайда Арал жұртшылығы бейбітсүйгіш елдің бірлігін айғақтайтын ұлы мейрамды кең көлемде тойлады. Қалың елді береке-бірлікке бастайтын бұл күні қаламыздың орталық алаңында «Тұғырымыз тыныштық, тірегіміз тұрақтылық, тілегіміз татулық» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Кең көлемде өткізілген мәдени-көпшілік шараға қала тұрғындары мен қонақтары қатысып, бірлік мерекесін шаттыққа толы мерекелік көңіл күйде атап өтті.
Жалпы Қазақстан халықтарының бірлігі күні бүгінгі таңда жұрт асыға күтетін жалпыхалықтық мерекеге айналған. Осы орайда аспан да шайдай ашылып, күн шуағын төгіп, аудан тұрғындары мен қонақтарының көңіл-күйі де көтеріңкі болды. Шат-шадыман көңіл-күймен бастау алған мерекеде аудан әкімі Серік Сермағамбетов сөз алып, алаңға жиналған қауымды бірлік мерекесімен құттықтап, ақжарма лебізін білдірді.
- Баршаңызды татулық пен тұтастықтың мерекесі – 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. «Бірлік – береке, ынтымақ – ырыс» деп білген халқымыз қай заманнан да татулықты ту етіп келеді. Осы тұтастық, берекелі тірлік біздің ел болып еңсе тіктеуіміздің ең негізгі шарты деп білемін. Ардақты ағайын! Бір қауыздың дәніндей бір шаңырақ астында көктеген еліміздің іргесі әрқашан берік болсын. Айтулы мерекемен тағы да шын жүректен құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, әр шаңыраққа құт-береке, бақыт тілеймін. Тәуелсіз Отанымызда әрқашан бейбітшілік пен келісім, достық пен сенім орнасын. Елдігіміз еңселі, мемлекеттігіміз мәңгі, келешегіміз кемел болсын, - деді Серік Сермағамбетов.
Мерекелік құттықтаудан кейін аудан өнерпаздары жырдан шашу шашты. Шаралар легі ұлттық спорт түрлерінен оның ішінде асық ату, қазақ күресі мен кір тасын көтеру сынды күш сынасу және т.б. сайыстармен жалғасын тапты. Сонымен қатар, шара аясында «Арал қаласына 95 жыл», «З. Шүкіровке 95 жыл», қолөнер, музей көрмелері жұртшылық назарына ұсынылып, өз жарасымын тапты.
Биылғы балалар жылын жырына қосқан өнерпаздар әуезді ән шырқап, ақ көгершіндер көкке қанат қақты. Концерттің сәні болған бүлдіршіндер өз өнерімен жиналған жұртты тәнті қылды. Осылайша, бірлік мерекесі халықтық жаппай серуенге ұласып, шырайлана түсті.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі