Жас жауынгерлер әскерге аттанды

Биыл ауданымызда да Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына орай бірқатар шаралар өткізілді. Қаладағы "Рәміздер" алаңында жеті бірдей жас жауынгер Қарулы Күштер қатарына аттанып, аталған шараға аудан әкімі арнайы келіп қатысты. Мемлекеттік Гимннен бастау алған шарада аудан басшысы Серік Сермағамбетов сөз алып:
– Бүгінде жылына орта есеппен көктемгі және күзгі шақырылымда аудан бойынша 200-ден аса жас буын әскерге аттанады. Осы ретте, биыл көктемгі мерзімді әскерге шақыру кезінде ауданымыз бойынша 50 азамат әскер қатарына алынды. Әскерге баратын жастардың дені Қарулы Күштер, шекара қызметі, мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық ұлан сынды әскери құрылымдарда борыштарын өтеуде. Міне, бүгін тағы ауданымыздан 7 жас сарбаз Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанғалы тұр. Әскердің тәртібі қатаң екені рас. Бірақ бұл ауыр болса да, аса абыройлы Отан қорғау міндетінің жүгі, – деп сәтті сапар тілеп, ел іргесін берік күзетеді деген сенім білдірді.
Одан соң Отан алдындағы жауапкершілігін сезініп, азаматтық борышын өтеуге аттанғалы тұрған жастарға жауынгерлердің ата-аналары атынан Мәуегүл Кәленова сөз сөйлеп, аналық тілегін жеткізді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Әйімбетов те "ел тұтастығы жүректі де білекті, отансүйгіш өздеріңдей жастардың қолында" деп ақ батасын берді.
Шарада болашақ жас жауынгерлер АК-74 автоматын толық емес бөлшектеу және жинақтау әскери өнерін көрсетіп, патриоттық ән әуеледі.




"Толқын" ақпарат