Жалағашта Сәбит Шонтақбаевтың ата-анасына құрмет көрсетілді
Елордада көпқабатты үйдің балконынан үш жастағы қызды құтқарып алған Сәбит Шонтақбаевтың ата-анасына құрмет көрсетілді.
Бүгінгі күннің батыры Сәбит Шонтақбаевтың ата-анасы Қызылорда облысы Жалағаш ауданына қарасты Аққұм ауылында тұрады.
Әлеуметтік желілерде кең тараған бейнежазбада Сәбит Серікұлының батылдығы, тез арада көмекке ұмтылғанын және өз өмірін қатерге тіккенін де көруге болады. Сондықтан көпшілік оның батыл әрекетіне тәнті болды.
Кеше Сәбит Шонтақбаев Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің қабылдауында да болды. Онан кейін «G-Park» компаниясының басшылығы оған елордадан үш бөлмелі пәтер сыйлады.
Батырдың ата-анасына да сый-құрмет көрсетілді. Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбет, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ерболат Серманов Аққұм ауылына арнайы барып, Сәбиттің әкесі Серік Сабырұлы мен анасы Гүлбаршын Пірімбетоваға алғыс айтты. Сондай-ақ ержүрек азаматты тәрбиелеп өсіргені үшін аудан әкімінің алғыс хатын табыстады.
kyzylorda-news.kz