Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәжіліс депутаты егіншілермен кездесті

Мәжіліс депутаты егіншілермен кездесті

Президент Қасым-Жомарт.Тоқаевтың жалпыұлттық референдум өткізу бастамасын қолдау жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бойынша Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Ғалым Әміреевтің халықпен кездесудегі жұмыс сапары Т.Жүргенов ауылы «Ер-Әлі» ЖШС жұмысшыларымен кездесумен жалғасты.

Мәжіліс депутаты егіншілерге алда келе жатқан референдумды қолдаудағы ақпараттық-насихаттық жұмыстармен таныстырып шықты. Мемлекетті басқарудың жаңа үлгісі пайда болып, елдегі саяси ахуалға жаңа леп болатын Конституциялық Референдум – жалпыхалықтық деңгейде алғаш өткізілмек. Бұл – Мемлекет басшысы айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге асуының бірден-бір дәлелі.
– Мемлекеттік модельді кешенді түрде өзгертуге мүмкіндік беретін Конституциялық референдум – Әділетті Қазақстан ұстанымының бастамасы деуге де негіз бар. Ол биліктің өкілді тармағын (Парламент, мәслихат) айтарлықтай күшейтеді. Жаңартылған Заң аясында Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін бекітуі – елдегі саяси партиялардың тең дәрежеде бәсекеге түсіп, демократиялық үдерісті үдете түсетіні сөзсіз – деді Ғалым Әміреев.
– Бұл референдум – жеке адамның мүддесін қорғауға, барша халықтың мүддесін қорғауға, мемлекетімізді жаңа қырынан дамытуға, жаңғырту және нығайтуды көздейді – деді аумақтық қоғамдық штаб төрағасы, партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қаншагүл Мұстафаева.
12 мамыр 2022 ж. 712 0