Қамбаш және Ақшатау көлдеріне су келді
Арал ауданында қуаңшылыққа қарсы шаралар нәтижесінде 30 жыл бойы су келмеген көлдер толды. Оның үстіне жауын-шашын да мол болып, жер көкке оранды. Мамыр айының өзінде жусанның биіктігі 25 сантиметрге жетті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Табиғаттың мұндай сыйын соңғы 5-6 жылда байқамадық, дейді тұрғындар. Жалпы ұзақ жыл көзге түспеген өсімдік түрлері де бой көрсетіпті.
Өткен ғасырдың 60-жылдары Арал маңын қуаңшылық жайлаған, дейді көнекөздер. Сол жұт былтыр қайталанып, жаппай мал қырылды. Дегенмен, қыста қар мол түсті. Көктемгі жауын да жаман болмаған. Нәрленген жер, әрленіп шыға келді. Біраздан бері бой көрсетпегесі, жергілікті жұрт атын ұмыта бастаған өсімдіктер ерте көктемнен-ақ гүлдепті.
«Биыл өте жақсы деп айтуға болады. 22 сантиметрге дейін жусан өсті. Мысалы, шағыр, тағы да өсімдіктер бар. Мортық деген шөптеріміз бар. Өзімізге тән. Негізгі Арал өңірі бойынша 350 жуық өсімдіктің түрі бар», – деді «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының директоры Хамит Қаниев.
Өткен жылы мына жерлер қу тақырға айналып, мал жемейтін ащы шөптен басқа ештеңе шықпай қалған еді. Биыл төрт түлікке тез қоң беретін қоңырбас шөбінен бастап, жусан, жоңышқа, тіпті жабайы жуа мен саңырауқұлақта қаулап өсті.
Демек, алдағы 4-5 жылда мал азығынан тапшылық көрмейміз, дейді шаруалар. Ауданда биыл 15 жер асты су көзінің ұңғымасын қазу жоспарланған.
Бүгінге дейін төртеуінен су шығып тұр. Соның бірі Жақсықылыш ауылына жақын жерден іске қосылды. Тұщы су 160 метр тереңдіктен шықты.
kyzylorda-news.kz