Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Түлек– 2022 Білім гранты 15 мыңға артты

Түлек– 2022 Білім гранты 15 мыңға артты

Биыл мемлекеттік білім гранты 15 мыңға артты. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова: «Жоғары оқу орнына баратын балаларға гранттардың саны 88 214-ке артты. 2021 жылмен салыстырғанда 15 мыңға көп. Техникалық мамандықтарға гранттар – 60, ауылдық квота 35 пайызға ұлғайтылды. Әлеуметтік аз қамтылған санаттарға 7 мыңнан аса грант бөлінді»,– деді.
Вице-министрдің айтуынша, биыл колледждерге түсетін балаларға техникалық және кәсіптік білім беруге 45 мың орынға республикалық бюджеттен 10 млрд теңге бөлінді. Сөйтіп мемлекеттік тапсырыс 40 пайызға ұлғайтылды. «Оқуға түсушілер үшін түсу емтихандары алынып тасталды. Енді олар аттестаттың орташа балы арқылы қабылданады. Талапкер 4 колледж бен 4 мамандықты өзі таңдайды, 3-ке дейін бірнеше біліктілік алуға мүмкіндік жасалды. Кәсіпорындарға мақсатты мемлекеттік тапсырыс берілді. Енді кәсіпорындар студенттерді өздері таңдап, оқу бағдарламаларын оқу орнымен бірге жазып, қажетті мамандарды мерзімінде дайындай алады. Жеңілдікпен қабылдау квотасының тізбесі 9 санатқа дейін кеңейтілді», – деді Шолпан Каринова.
Қоғамдық қор мұқтаж абитуриенттерге грант бөледі
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мұқтаж абитуриенттерге арнап 85 жоғары оқу орнына үш-үштен грант бөледі. «Бізге оқу орнына білім ақысын өтеу қиындығына тап болған 1,5 мың жас пен студенттен өтінім түсті. Оларға қалай көмектесуге болатынын ойластырып, шешім қабылдадық. Қамқоршылар кеңесі ол бағдарламаны мақұлдады. Оқу ақысын төлеу қиындығына тап келген, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан, ауыл мектептерін бітірген абитуриенттерге грант бөлу бағдарламасы бекітілгенін айтып отырмын. Бұл қатарға қаржылық жағдайы қиын жастардан бөлек жетім балалар мен мүгедектігі бар балалар да қосылады. Яғни, олар да осы гранттан үміттене алады», – деді қордың төрағасы Болат Жәмішев.
Алайда бұл жекелеген абитурентке емес, жоғары оқу орындарына беріледі. «Білім және ғылым министрлігінің грант бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін жоғары оқу орындарының әрқайсысына осындай сипаттағы үш гранттан үлестіріледі. Грантқа түсу үшін абитуриент оған мемлекеттік грант алуға жеткілікті балл жинауы керек. Бірақ мемлекеттік грант алғысы келетіндер көп болғандықтан, жоғарыда аталған талаптарға сай келетін түлектер мемлекеттік грант иеленуге құқылы болады»,– деді қор төрағасы.
Қоғамдық қордың баспасөз қызметінің түсіндіруінше, бұл жерде ҰБТ нәтижесі бойынша грантқа 1-2 балл жетпей қалған немесе ҰБТ-дан алған балы жетіп тұрса да, аттестаттағы баға көрсеткіштері грант алуына мүмкіндік бермейтін балалар әр жоғары оқу орнына бөлінетін 3 гранттың бірінен үміттене алады. Ол үшін абитуриент аз қамтылған отбасының мүшесі немесе жетім бала, мүгедектігі бар бала болуы шарт.

"Толқын" ақпарат
05 маусым 2022 ж. 1 159 0