Сенаторларды Арал теңізіндегі жағдай алаңдатып отыр
Палата вице-спикері Асқар Шәкіров бастаған бір топ сенаторлар жолдаған депутаттық сауалда Арал өңірінің экологиялық мәселелері көтерілді. Пленарлық отырыс барысында орын алған сауал еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа жолданды, деп жазады Egemen.kz.
Миллиондаған гектар кептірілген теңіз қабаты, аймаққа желмен жеткен миллиардтаған тонна тұз және шөлдің келе жатқан құмдары экологиямен адам денсаулығының айтарлықтай нашарлауы қауіпін төндіріп тұр.
«Арал теңізі бассейнінде тұрақты тұратын адамдардың ағзасында өмірлік маңызы бар дене мүшелерінің функционалдық жай-күйінде өзгерістер анықталып, тіпті, патологиялық аурулардың дамуына дейінгі өзгеріске ұшырауда. Осылайша, Аралдың кебуі апатты салдары бар сипатқа ие және планетарлық ауқымдағы экологиялық қасірет болып табылады. Оны барлық елдердің, халықаралық ұйымдардың күш-жігерін біріктіру арқылы ғана тоқтатуға болады.Ең алдымен, осы экологиялық дағдарысты шешуге халықаралық қорлар мен ғылыми орталықтарды тарту қажет. Өкінішке орай, соңғы уақытта олардың аймақтағы белсенділігі айтарлықтай төмендеп отыр», деді сенатор Ақылбек Күрішбаев депутаттық сауалды оқи отырып.
Сенаторлар мәселені шешу үшін келесі шешімдерді ұсынады: Халықаралық Аралды құтқару қорының жұмысын жандандыру, Орталық Азия елдерімен су-энергетикалық консорциум құру және кеуіп қалған теңіздің түбіне жасыл желектерді белсендірек отырғызу.
Арал теңізінің қазақстандық бөлігіндегі табиғи екпелерді қоса алғанда, ормандардың жалпы ауданы 337 мың гектарды құрайды. Сонымен қатар, біздің өзбек әріптестеріміз шамамен 1,6 млн га алқапқа сексеуіл екпелерін отырғызды, бұл ретте оның басым бөлігінде аэропосевті пайдаланып отыр. Сонымен қатар, олар жүйелі түрде ағаш дақылдарының шөлді жағдайларына бейімделген түрлерін кеңейтумен айналысуда. Осыған байланысты бізге ағаш отырғызу жұмыстарының қарқынын жеделдетіп қана қоймай, фитомелиоративтік технологияларды да жетілдіру керек, өйткені біздің аумақта отырғызылған өсімдіктердің жерсінуі жекелеген жылдары 10-13%-дан аспайды», деп атап өтті сенаторлар.
Депутаттардың айтуынша, олар қазірдің өзінде өз өкілеттіктері аясында бұл бағытта белсенді жұмыс істеп жатыр. Сенаторлар таяуда ғана Солтүстік Арал суын ұстап тұрған Көкарал бөгетін жөндеу қажеттілігі туралы Үкіметке сауал жолдағанын еске салды. Парламентаралық дипломатияны одан әрі дамыту аясында олар дүниежүзілік қоғамдастықтың назарын Арал проблемасына аудару мақсатында түрлі халықаралық платформаларда осы мәселелерді көтеруді көздеп отыр.