Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймағымыздағы колледждерге құжат қабылдау басталды

Аймағымыздағы колледждерге құжат қабылдау басталды

Аймағымыздағы 30 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары бойынша 25 маусымнан бастап оқуға құжаттарды қабылдау басталды. Бүгінгі күнге дейін яғни, 2 күн ішінде 347 талапкердің құжаттары қабылданды. Бұл туралы бүгінгі өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әзизбек Ізімбетов мәлімдеді.
Аймақтың еңбек нарығының сұранысына сәйкес жергілікті бюджеттен 3108 орын, республикалық бюджеттен 1600 орын бөлінді. Барлығы – 4708, - деді басқарма басшысының орынбасары Әзизбек Ізімбетов.
Талапкерлерге ыңғайлы болу үшін құжаттарды қабылдау үрдісі автоматтандырылды. Құжаттар Egov.kz электронды үкімет порталы арқылы қабылданып жатыр. Сондай-ақ қабылдау колледждерде дәстүрлі қағаз форматында да жүзеге асырылады.
Бұдан былай талапкерлер бірден 4 мамандықты таңдап, еліміздің 4 колледжіне құжат тапсыра алады. 2021 жылы білім берудің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін министрлік «ақша студенттің соңынан жүреді» қағидаты бойынша мемлекеттік тапсырыстарды бөлудің жаңа механизмін енгізді. Бұған дейін гранттарды колледждер арасында білім басқармалары орналастырып келсе, енді мемлекеттік тапсырыс талапкерлердің таңдауы бойынша бөлінеді. Яғни түлек қайда оқуға түскісі келсе, бюджет ақшасы сол жерге жіберіледі.
Мемлекеттік тапсырыс бойынша 9-сынып талапкерлері арасындағы конкурс 25 маусым және 18 тамыз аралығында өтеді. Ал, 11-сынып және колледж түлектері арасындағы байқау 25 маусым мен 20 тамыз аралығында өтеді. Өнер және мәдениет мамандықтарына түсетіндер үшін байқау 29 шілде мен 2 тамыз аралығында өткізіледі.
Былтырдан бастап квота санаттарының тізімі кеңейтілді. Квота 9 санатқа беріледі. Көп балалы отбасы балалары үшін 5%, кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасы балалары үшін - 1%, бала кезінен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар, І және ІІ топтағы мүгедектер үшін - 1% квота енгізілді. Ұпайлар тең болған жағдайда квота санаты мен сертификаттың орташа балы есепке алынады», - деп атап өтті Бекжан Шакизатұлы.
©️Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі
27 маусым 2022 ж. 470 0