Журналистер марапатталды
Журналист – қоғамдағы ақпарат пен жаңалықтарды халыққа таратушы. Оларсыз мына дүниені елестету мүмкін емес. Ақпараттар ағыны күнен-күнге көбеймесе, азаятындығы көрінбейді. Ал солардың ара жігін айыратын, бұқараға жеткізетін – журналистер қауымы. Қоғамдық мәселелерге ұйытқы болатын жалғыз сөз зергерлері деуге де болады. Міне, осындай құрметке лайықты мамандық иелерінің кәсіби мерекесі ретінде 28 маусым – бұқарлық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні болып бекітілді.
Осы мереке қарсаңында аудан әкімдігінде аудан әкімі Серік Сермағамбетов аудандағы журналистер мен сала ардагерлерін қабылдап, кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтады.
– Қазір ақпараттық кеңістіктің дәуірлеген кезеңі деуге болады. Бұл әрине, қаламгер қауымы мен баспа, телеарна, ғаламтор желісімен жұмыс жасайтын қызметкерлердің тәжірибесі, қарым-қабілеті мен дарыны, еселі еңбегінің жемісі. Журналист болу – халыққа қызмет ету. Сондықтан да журналистика саласына артылар міндет пен жүк жеңіл емес. Ой қуалап, сөз ұйқастыру одан шымыр дүние жазып шығару екінің біріне бұйырмаған асыл қасиет. Алаш ардақтысы, көрнекті ағартушы Міржақып Дулатов «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы да мықты» деген болатын. Ертең қалам ұстаған, сөз құдіретін түсінген жандардың ортақ мерекесі. Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, күнделікті болып жатқан жаңалықтар мен оқиғалар, рухани мәдени көзқарастар, сыни пікірлер ақпарат құралдары арқылы елге жетіп жатыр. Бұқаралық ақпарат құралы қоғамды алға жетелеудің басты дәнекері. Осы орайда, мемлекетіміздің абыройын асқақтатып, жан-жақты дамуын, жетістіктерін насихаттауда журналистер қауымының рөлі қашан да жоғары. Еліміздің бүгіні мен ертеңін, қоғамның пікірін, санасын қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының орны ерекше, – деп барша ақпарат айданының қызметкерлеріне зор денсаулық, шығармашылық шабыт, ұшқыр ой, отбасыларына амандық тіледі.
Еркін форматта өткен жиында ардагер журналистер Жұмабай Жақып, Толыбай Абылаев, Жаңабай Кемал және аудандық "Толқын" газетінің бас редакторы Абай Елешов осындай кездесу өткізіп, мереке қарсаңында арнайы қабылдап отырған аудан басшысына алғысын айтып, өз ұсыныстарын да жеткізді.
Шарада одан әрі аудан әкімі сала қызметкерлері мен ардагерлерін арнайы құттықтау, Алғыс хаттармен марапаттап, сый-сияпат табыстады.
Оңталап ЖОЛДАСОВ