"Мектепке жол – Шекарасыз жақсылық"

– Акция аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан мектеп оқушыларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қажетті көмек көрсету мақсатында өткізіліп отыр. Балаларды жаңа оқу жылына дайындауға кез келген адам көмектесе алады. Осылайша әлеуметтік себептермен балалардың мектепке бармауының алдын аламыз. Әрбір мектепте әлеуметтік көмекке мұқтаж балалардың атаулы, жеке тізімдері жасалған. Білім беру ұйымдарында «жедел желі» үздіксіз жұмысы ұйымдастырылған. Қиын өмірлік жағдайға тап болған барлық бала мен ата-ана көмек сұрай алады. Өз кезегінде бей-жай қарамайтын азаматтар, кәсіпкерлер, меценаттар акцияға қосылып, мұқтаж жандарға қол ұшын соза алады,– деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Е.Иманғалиев.
Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында өткізілетін «Мектепке жол» акциясының 10 жылында 2 миллионнан астам балаға материалдық көмек көрсетілген екен. Арал ауданында да балаларға қолдау көрсетуге әрдайым дайын тұратын еріктілер, бизнесмендер, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдар науқанға кірісуде. Биыл да бұл ізгі бастама қаншама баланың жүзіне қуаныш ұялатады деген үмітіміз зор. Аудандық білім беру бөлімі мамандарының айтуынша, аталған акция аясында аудан көлемінде бүгінгі күнге, яғни 1-10 тамыз аралығында 3 млн 500 мың теңге көлемінде (312 оқушыға) аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың оқушыларына және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу бағытында көмектер көрсетіліп, көңіл қуантуда және алдағы уақытта жалғасын табатындығына сеніміміз мол.
"Толқын" ақпарат