Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Мектепке жол» акциясы басталды

«Мектепке жол» акциясы басталды

Аймақта «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы бастау алды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов хабарлады.

Жалпы, облыста осал топқа жататын 31 мыңнан астам бала болса, оның 13 мыңнан астамы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасынан.

– Тамыздың 1-нен бастап қыркүйек айының 30-на дейін жалғасатын шара «Мектепке жол – шекарасыз жақсылық!» ұранымен өтпек. Осыған сәйкес, міндетті оқу қоры есебінен көмек алатын оқушылар тізімі жинақталуда. Қазіргі таңда қайырымдылық акциясын өткізудің өңірлік іс-шаралар жоспары бекітілді. Жалпы, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезінде көмек көрсетуді мақсат тұтқан акция аймағымызда он бес жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді, – деді Бағдат Қамбозұлы.

Брифингте бірінші сыныпқа құжат қабылдау аяқталғаны айтылды. Жаңа оқу жылында аймақта 17 898 бала бірінші сыныпқа қабылданады деп күтілуде. Сондай-ақ, оку жылы дәстүрлі форматта басталады. Алайда, аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты бірқатар шектеулер қойылуы мүмкін.

– Мектепке құжат қабылдау электронды түрде және қағаз түрінде 1 сәуір мен 1 тамыз аралығында өткізілді. Осы уақытта ата-аналардан 17 371 өтініш түсіп, оның барлығы өңделді. Жаңа оқу жылына қабылданатын оқушылардың 89,7 проценті қазақ тілінде оқытылатын болады. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада көш бастап тұр. Жалпы, барлық білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Осы ретте айта кетейін, алдағы оқу жылы дәстүрлі түрде өткізілетін болады. Дегенмен, өңірдегі эпидахуалға байланысты бірқатар шектеулер болуы мүмкін, – деді басқарма басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов.

Сала маманы алдағы уақытта «мектеп формасына байланысты мәселе туындамайды» деп отыр. Оның айтуынша, алда ата-аналар мен заңды өкілдер мектеп формасы туралы мәселелерді талқылауға қатысып, өз ұсыныстарын енгізе алады. Сондай-ақ, мектеп формасына өзгерістер енгізу туралы шешім мектеп жанындағы қамқоршылық кеңеспен келісу арқылы мекеме басшысы бекітеді. Егер арнайы форма жасақталмаған жағдайда оны сатып алу міндеттелмейді.

Ақтілек БІТІМБАЙ

syrboyi.kz
07 тамыз 2022 ж. 460 0