Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан мен ДДҰ Аралды құтқаруда күш біріктіруді жоспарлап отыр

Қазақстан мен ДДҰ Аралды құтқаруда күш біріктіруді жоспарлап отыр

Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клугемен кездесті.

Әңгіме барысында Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы әріптестіктің маңызы атап өтілді, сондай-ақ 30 жыл бойы өзара қарым-қатынастардың қарқынды дамуындағы табыстар мен нәтижелер атап өтілді. Сенат Төрағасының орынбасары Қазақстанда денсаулық сақтау саласын дамытуда атқарылып жатқан жұмыстар туралы жүздесушіні хабардар етті.

«Мемлекет басшысы алдағы кезеңдегі ең маңызды міндеттердің бірі – ұлт денсаулығын қамтамасыз ету. Медициналық инфрақұрылымды кешенді жақсартуға ерекше назар аударылатын болады. Келесі жылдан бастап ауыл тұрғындарының қажетіне арналған ұлттық жобаны іске асыру басталады, оның аясында 32 аудандық аурухана жаңғыртылады, ауданаралық көп салалық мекемелер болып қайта құрылатын болады. Ал екі жыл ішінде 650 ауылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер салынып, толық жабықталады», – деп атап өтті Төраға орынбасары.

Кездесуге қатысушылар сонымен қатар халықаралық ұйымдардың қатысуымен өңіраралық деңгейде бірлескен күш-жігерді талап ететін Арал теңізінің проблемалық мәселелерін де талқылады.

Төраға орынбасары БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысушылардың назарын Арал теңізі мәселелеріне аударғанын және барлық мүдделі тараптарды экология және климат проблемаларын шешу жұмыстарын жалғастыруға шақырғанын хабарлады.

ЕҚЫҰ ПА шілде сессиясы барысында Қазақстан мен Өзбекстан Арал теңізін құтқаруға байланысты жобаларды іске асыруда донор болуға шақыра отырып, Ұйымға мүше мемлекеттерге бірлескен үндеу жолдады.

«Келесі жылы ҚР Парламенті Сенатының шақыруымен ЕҚЫҰ ПА депутаттары апат ауқымына көз жеткізу және ынтымақтастықтың бұдан былайғы бағыттарын белгілеу үшін Арал өңіріне барады. Қазақстан Еуропалық аймақтық бюроның көмегімен ДДҰ елдік кеңселерінің Арал өңірі халқының денсаулығына әсер ететін факторларды зерттеуге бірыңғай тәсілді әзірлеу үшін күш-жігер мен ресурстарды біріктіруге көмек көрсетуді сұрайды», – деді Ольга Перепечина.

ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клуге өз кезегінде Орнықты дамудың салауатты өмір салты және кез келген жастағы барлық адамдардың әл-ауқатына жәрдемдесу жөніндегі жаһандық мақсатына қол жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі ҚР Парламенті Сенатының жұмысты қалыптастыру және үйлестіру бөлігіндегі қызметіне жоғары баға берді.

kyzylorda-news.kz
22 қыркүйек 2022 ж. 323 0