Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 1 қазан – Халықаралық қарттар күні

1 қазан – Халықаралық қарттар күні

Бүгінгі таңда облысымызда 77 мыңнан астам зейнет жасындағы қария бар. Сәйкесінше, егде жастағы азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында шаһарда «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ашылды.

Жоспарға сәйкес егде жастағы азаматтарды әлеуметтік қорғауға бағытталған шаралар жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Мырзабеков мәлімдеді.

«Облыс бойынша 2 мыңнан аса зейнет жасындағы адам арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылып отыр. Оларға стационарлық үлгідегі ұйымда 171, жартылай стационарда 1138, мемлекеттік-жеке әріптестік ұйымы арқылы 181 адамға қызмет көрсетілді. Мұнда қолайлы моральдық психологиялық жағдай жасай отырып, сауықтыру және әлеуметтік-оңалту іс-шараларын өткізуге бағытталған қажетті арнаулы әлеуметтік қызметтер кешені ұсынылып отыр», – деді басқарма басшысының орынбасары Сәкен Мырзабеков.

Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірбек Шәменов өңірде қариялардың әлеуметтік-құқықтық тұрғыда қорғалуы мен олардың белсенділігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Біз – қариясын қазынам деп қадірлеген халықпыз. Бұл тұста, ардагерлер кеңесінің жұмысы жақсы жолға қойылған. Қазыналы қарттар болашақ ұрпаққа өнеге көрсету арқалы қазақы тәрбиені бойына сіңіріп келеді. Егде жастағы қарттарымыз еліміздің әлеуметтік-саяси жағдайына бей-жай қарамай, бар ақылдарын ортаға салады. Сондай-ақ, облысымыздағы ардагерлер кеңесі әртүрлі бағытта көмек көрсетуде», – деді Өмірбек Мөрәліұлы.
kyzylorda-news.kz
30 қыркүйек 2022 ж. 422 0