Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал қаласында Роза Бағланованың 100 жылдығына орай мерекелік концерт өтті

Арал қаласында Роза Бағланованың 100 жылдығына орай мерекелік концерт өтті

Биыл Сыр өнері үшін ерекше жыл. Қазақ әнінің бұлбұлына баланған Роза Бағланованың 100 жылдығы. Ғасырлық мерейтой аясында жыл көлемінде ауқымды шаралар ұйымдастылып жатыр. Сондай мерейлі сәттің бірі кеше ауданымызда болып өтті. Кеңес Одағының халық әртісі, Халық қаһарманы, қайталанбас ғажап дауыс иесі, әнші Роза Бағлановаға 100 жыл толуына орай Арал қаласына «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы келді.
«Қазақ деген халықтың еркесімін» атты концерттік бағдарламаны ұсынған ұжым мүшелерін Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов арнайы қабылдады. Өз кезегінде Серік Сағитжанұлы қала қонақтарының қадамдарына сәттілік тілеп, айтулы шараның Арал халқы үшін маңызы ерекше екенін алға тартты.
– Биыл біз үшін мерекелі жыл болып отыр. Айдынды өлке үшін ерекше жыл. Арал қаласына 95 жыл болса, ашаршылық жылдары Поволжье тұрғындарына 14 вагон балық жіберген қайырымды іске 100 жыл толып отыр. Теңізді өлкенің қос қуанышына өздеріңіздің келіп ортақтасқандарыңыз аралдықтар үшін үлкен мәртебе, – деді.
Кешқұрым аудан орталығына жиналған халықтың қарасы қалың болды.Үлкен-кіші "Қазақконцерт" құрамында өнер көрсететін әншілер келеді дегенді есітіп, асыға жеткендері аңғарылып-ақ тұр. Осындай жұртшылыққа ерекше көңіл күй сыйлаған ашық аспан астындағы концертте аудан әкімі Серік Сермағамбетов сөз сөйлеп, таяу күндері аталып өтілетін қаланың 95 жылдығы жайында сөз сабақтап, тарихы әріден басталатын Аралдың кешегісі мен бүгінін ортаға салды. Сонымен қатар Р.Бағланова атындағы "Қазақконцерт"  мемлекеттік ұйымының өкілі Ерсін Тәжібаевқа жергілікті қылқалам шебері, Суретшілер одағының мүшесі  Берік Бөкешовтің қолынан шыққан  тың туындысын сыйға тартып, шығармашылық құрамға табыс тіледі.
– Мұндай жұртшылыққа шадыман шаттық сыйлаған шара көптеп ұйымдастырылса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Өнер мен дәулет қонған өңірде ән десе ішкен асын жерге қоятын ағайын көптеп табылатыны баршаға белгілі. Аралдан жыршы да, әнші де, күйші де шыққанын сахна төрінде ән айтқан әншілердің өзі тілге тиек еткені бізді ерекше марқайтты, – деп өзінің концерттен алған әсерімен бөлісті Айғаным Жансүгірова.
Осылайша аралдықтар әсем әнмен сусындап, қобыз үніне ұйып, көтеріңкі  көңіл күймен тарасты.



"Толқын" ақпарат
04 қазан 2022 ж. 647 0