Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Роза Бағланова» мюзиклінің премьерасы өтті

«Роза Бағланова» мюзиклінің премьерасы өтті

«Қазақконцерт» ұйымына қарасты «Astana Musical» мемлекеттік театры көрермендер көптен күткен Роза Бағланова» мюзиклінің премьерасын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңа шығарма Қазақстан және КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналады.
Мюзикл қалың көрерменге халықтың сүйікті әншісі Роза Бағланованың ішкі жан дүниесі мен оның қайталанбас өнер әлемін паш етті.
«Роза Бағланова» мюзиклінің режиссері әрі театрдың көркемдік жетекшісі Есләм Нұртазин мәлімдегендей, жаңа туынды әншінің балалық шағынан бастап соғыс жылдарындағы тағдыры туралы сыр шертеді.
«Мюзиклде Роза Бағланованың ән әлеміне келуі, соғыс жылдарындағы қайсарлығы, өнер жолындағы қиындықтары мен тағдырындағы сын сағаттар көрініс тапқан. Оқиға желісі әншінің 1930-1945 жж. аралығындағы өмірін суреттейді. Сахнада Роза Бағланова орындаған атақты туындылар, арнайы жазылған авторлық туындылар шырқалды», – деп жеткізді режиссер.
Мюзиклге арналған музыканы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Артур Оренбургский жазды, драматургтер – Ефрат Шарипов, Шыңғыс Маман, Айдын Сахаман, Әннәс Бағдат; Есләм Нұртазин.
Жалпы қойылым барысында сахнада 60 астам әртіс өнер көрсетті. Басты рөлді сомдаған әртістің бірі – Зарина Жакенова Роза Бағланованың образын сомдау үшін барынша ізденгенін жеткізді. «Роза Тәжібайқызы – ұлттың үні атанған атақты әнші. Оның образын сомдау – бұл үлкен жауапкершілік. Ол кісінің тұлғалық қасиеттерін, соғыс жылдарындағы қайсарлығын, ән айтудағы өзіндік қайталанбас ерекшеліктерін қалың көпшілік өте жақсы біледі. Бүгінгі қойылымда әншінің өмірбаянындағы осы тұстарын біз жаңа қырынан ашуға тырыстық», – деп бөлісті актриса.
Бұдан бұрын Зарина Жакенова Роза Бағланованың рөлін «Бұлбұл» телехикаясында сомдаған еді.
«Бұл апамыздың өміріне арналған алғашқы мюзикл. Өмірінің ең қиыны сәттері сахналанды. Ерекше қойылым, қаншама эмоция алдық. «Astana Musical» театрына зор алғысымызды айтамыз», – деп жеткізді әсерін Роза Бағланованың ұлы Тәжен мен келіні Марал Бағлановтар.
Жаңа мюзикл көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлап, олардың зор ықыласына бөленді. Қойылымды тамашалауға келген белгілі театр қайраткерлері, өнертанушылар мен зиялы қауым өкілдері жаңа туындыны жоғары бағалады. «Әртістер жоғары деңгейде ойнады, халық өте жақсы қабылдады. Роза Бағланованың есімі ұлықталып, жас ұрпаққа тамаша үлгі болды», – деген баға берді белгілі актриса Меруерт Өтекешова.
Алдағы уақытта «Astana Musical» мемлекеттік театры «Роза Бағланова» мюзиклін енді ел өңірлерінде көрсетіп, қалың көпшілікке ұсынбақ.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы әншінің есімін халық жадында мәңгі сақтау шараларын қабылдауды тапсырып, былтыр соған сәйкес «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына» Роза Бағланованың есімі берілген еді. Биыл әншінің мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілуде.

syrboyi.kz
01 сәуір 2022 ж. 1 961 0