Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты концерт өтті

Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты концерт өтті

Кеше Елордамыздағы «Қазақстан» концерт залында отандық және шетел эстрада жұлдыздарының қатысуымен Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған «ҚАЗАҚТЫҢ ҚАҺАРМАН ҚЫЗЫ» атты салтанатты концерт өтті.
Концерттің беташар сөзінде Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мырза ЮНЕСКО деңгейінде тойланатын Тұлғалар тізіміне енген даңқты әншінің ғасырлық тойы ресми түрде басталғанын айрықша атап өтті.
Концертте Роза Рымбаева, Тамара Асар, Ренат Гайсин, Жұбаныш Жексен, Айгүл Қосанова, Зарина Алтынбаева, Әміре, Рухия Байдүкенова, Жанэт (Беларусь), Хулкар Абдуллаева (Өзбекстан), Мирбек Атабеков (Қырғызстан) және т.б. елімізге танымал әртістер өнер көрсетті.
Қазақ өнерінде қайталанбас із қалдырған тарихи тұлғаның мерейтойына арналған кеште Роза Бағланованың өмірі, шығармашылығы жайлы арнайы дайындалған бейне ролик көрсетілді. Айта кетейік, Роза Тәжібайқызы Халық Қаһарманы атағына ие болған Қазақстандағы жалғыз әнші. Ол өмірінің 70 жылынан астамын сахнада өткізіп, әлемнің 50-ден аса елінде болып 25 тілде ән айтқан шырқаған. Сөйтіп, жарты ғасырдан астам уақыт бойы қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен өнерінің өркендеп, әлемге танылуына үлкен үлес қосты. Концертте Тәжібайқызының ұлы Тәжен мен келіні Марал және әншімен бірге 24 жыл етене қызмет еткен продюсері Қуаныш Әбдіқалымов та болды.
Роза апамыздың азан шақырылып қойған негізгі есімі Үрбибі екен. Кеше айтулы сахна жұлдыздарымен бірге даңқты Тұлғаның немересі он жастағы Үрбибі Бағланова да өнер көрсетті.
Көктемнің алғашқы күнінде министрлікке қарасты «Қазақ әуендері» АҚ ұйымдастырған ғажайып ән кеші көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады.
Роза Рымбаева бастаған шеберлер Роза Тәжібайқызының репертуарындағы әндерді орындады. Аракідік Тұлғаның ел мен жер тағдырына қатысты үзік-үзік пікірлері беріліп отырды. Алып сарайды толтырған әлеуметтің көңіл-ауаны да ерекше болды. Күміс көмей әншінің тамаша әндері халықтың әншіге деген сағынышын үдете түсті. Орталық концерт залына жиналған өнерсүйер қауым өнерпаздардың өнерін тамашалап, рухани демалып қайтты.
Концерт соңында ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының атынан ұлы әншінің құрметі һәм рухына арнайы ықылас гүлі (себет) сахнаға шығарылды.
Роза Бағланованың әні барда ол ешқашан өлмейді. Бұлбұл әншінің бірегей шығармашылығы, ғибратты ғұмыры, қайраткерлік қасиеттері өскелең ұрпақтың жадында мәңгіге сақталады.



02 наурыз 2022 ж. 3 261 0