Аралда республикалық ат бәйгесі өтті
Бүгін Ұлттық мереке – Республика күнімен Арал қаласының 95 жылдық мерекесі аясында республикалық ат бәйгесі өтті.
Арал ауданы әкімдігінің жүлдесін жеңіп алу үшін әр өңірден келген шабандоздар жалдарынан жел есіп, атқан оқша зулаған сәйгүліктерінің қарымын осы дүрмекте сынап көрді. Барлығы 40-қа жуық сәйгүлік қосылған дүбірлі дода – тай жарысы, құнан, аламан бәйге болып үш топқа бөлініп өткізілді.
Бәйге тай жарысынан басталды. Ауыздықтарымен алысқан 7 арғымақ тұяқтарымен Арал қаласындағы ипподром алаңын дүбірлетіп 5 шақырым қашықтыққа шапты. Сәйгүліктердің ішінен Қармақшы ауданы, Ақай ауылының тұрғыны Кенебаев Ерболаттың «Ақжайнақ» торы жүйріктігін танытып бірінші келді. Қармақшы ауданының Дүроңғар ауылынан келген Нұржан Шөмекейдің «Көзайым» атты күрең-қасқасы мәре сызығын екінші болып кесті. Ал жүлделі үшінші орынға Арал қаласының тумасы Нұрлыбайұлы Рамазанның «Нұрқасқа» атты тұлпары ие болды.
Ат жарысы 12 шақырымдық құнан бәйгесіне ұласты. Бұл сында 11 тұлпар бақтасты. Ең бірінші болып ауданға қарасты Шижаға ауылынан келген Төреахметов Базаралының «Ақбөкен» атты күрең-қасқасы топ жарды. Қызылорда қаласынан келген Ералиев Мәжиттің «Ақтабан» атты торы аты екінші болып келсе, Көктем елді мекенінің тұрғыны Бақытжан Байжігіттің «Еркетай» атты торы тұлпары үшінші болып жетіп, жүлдегерлер қатарына ілікті.
Бәйгедегі ең қызығы – аламан бәйге. «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» демекші, нағыз жүйрік тұлпарлар осы 22 шақырымдық аламан бәйгесінде анықталды. Көпшіліктің асыға күткен Аламан бәйгесінде 13 ат 9 айналым бойынша жарыс жолына шықты. Сонымен бұл жарыста бас жүлде Сырдария ауданы, Амангелді ауылынан келген Мырзабай Мансұрдың «Наз-күрең» атты сәйгүлігіне бұйырды. Бәйгенің бас жүлдесін аудан әкімі Серік Сермағамбетов табыс етті.
Аламан бәйгеде екінші жүлде де Амангелді ауылының тумасы Ибрагимов Дәулеттің «Нұрай» атты жүйрігіне берілсе, үшінші орынды Қызылорда қаласынан қатысқан Игембаев Кентайдың «Елік» атты торы аты еншіледі.
Ат бәйгесінің көрермендерін аудан әкімі Ұлттық мерекемен және Арал қаласының 95 жылдығымен құттықтады.
«Қазақ ұлттық ойындарға бай. Оның ішінде ат бәйгесінің орын ерекше. «Ат – ер қанаты, жан серігі» деп ұлы даланың тарихын тұлпардың тұяғымен жазған. Көшпенділердің бүгінгі төл ұрпағы – алаш жұрты барда ат бәйгесінің келешегі кемел болмақ. Біз алдағы уақытта да, ұлттық спорт түрлерін, ат спортынан сайыстарды ұдайы, дәстүрлі түрде өткізетін боламыз. Бүгінгідей делебе қоздырар доданы өткізуге атсалысқан, елжанды,тілеулес азаматарымызға зор ризашылығымды білдіремін»,-деді Серік Сағитжанұлы.
Салтанатты шара соңында аудан басшысы ұлттық спортты дамытуда, оны ел арасында кеңінен насихаттауға елеулі үлес қосып жүрген ел азаматтарын марапаттады.
"Толқын" ақпарат