Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Көкарал» бөгетінің жағдайымен танысты

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Көкарал» бөгетінің жағдайымен танысты

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құқық қорғау органдары басшыларымен бірге Арал ауданына жұмыс сапарында «Көкарал» бөгетінің жұмысымен танысты. Сала мамандарымен пікірлесіп, бөгетті жөңдеу жұмыстарының барысын саралады.

Аймақ басшысы Көкарал тек Арал өңіріне ғана емес, республика үшін өте маңызды нысан екенін алға тартып, Президент тапсырмасы аясында бөгетті жөндеу жұмыстары қолға алынғанын тілге тиек етті.

«Мемлекет басшысы Кіші Аралды сақтап қалу бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Осы орайда, республикалық бюджет есебінен «Көкарал бөгетін сақтап қалу және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру» жобасының жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп, биылғы жылдың тамыз айында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.
Ал, қыркүйек айында республикалық бюджеттік комиссияның отырысында Су ресурстары комитетінің бюджетін қайта бағыттау есебінен жобаны іске асыруды бастауға биыл 500 млн.теңге бөлінді. Сондықтан жұмысты сапалы деңгейде үйлестіріп, механикалық тазарту жұмыстарын жүргізу қажет», - деді Н.Нәлібаев.

Жоба-сметалық құжаттарда қаралған негізгі жұмыстардың бірі Солтүстік Арал теңізінің солтүстік бөлігінің тұздылығын азайту мақсатында Тұщы, Сарытерең, Қарашалаң-1, Қарашалаң-2 каналдарына механикалық тазарту жұмыстарын жүргізу басталды.
Айту керек, Президент пәрмені негізінде бөгет мәселесі бұған дейін де Өзбекстан мен Қазақстан Парламенті Сенатында жан-жақты қаралып, бірлескен топ Көкаралға келіп, бөгеттің жағдайымен танысты.

«Көкарал» бөгеті 2005 жылғы қараша айында пайдалануға берілген. Бөгеттің ұзындығы 13 км құрайды. Жоба құны 4,6 млрд. теңге. Су тоспасы салынған уақыттан бастап теңіздің құрғаған ұлтаны ауданы 870 шаршы метрді құрайтын сумен жабылды. Теңіздегі судың көлемі 11,5 текше метрге ұлғайды. Сондай-ақ, судың минералдылығы 23-тен 17 г/л дейін азайып, балықтардың жергілікті түрлерінің дамуы артты және бекіре тұқымдас балықтарды өсіруге қолайлы жағдай жасалды. Балық аулау көлемі 400 тоннадан 8 мың тоннаға дейін артты.

Облыс әкімі белгіленген жұмысты уақытылы әрі сапалы аяқтауды міндеттеп, сала мамандарына бірқатар тапсырамалар берді.

kyzylorda-news.kz​​​
28 қазан 2022 ж. 374 0