Асыраушы саланың әлеуеті артып келеді

Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға басымдық беру керектігін айтқан болатын. Бүгінде аймақта ауыл шаруашылығы саласын тұрақты дамыту бағытында барлық мүмкіндіктер қолға алынуда. Мәселен, былтыр су тапшылығына қарамастан мемлекеттік қолдаудың арқасында салада 171,4 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім көрсеткіші 0,3 пайызға өссе, тамақ өнімдерін өңдеу көрсеткіші 8,3 пайызға артты. Сонымен қатар соңғы жылдары аймақтың экспорттық әлеуеті де ұлғайып келеді. Былтыр ауыл шаруашылығы өнімдерін алыс-жақын шет елдерге экспорттау 2021 жылмен салыстырғанда 8,3 пайызға өсті. Су тапшылығына байланысты күріш көлемі5,0 мың гектарға қысқартылып, орнына суды аз қажет ететін дақылдар 7,3 мың гектарға орналастырылды. Жүгері дақылының егіс көлемі жыл сайын артуда. Осыған сәйкес, жүгері дақылынан консервіленген өнімдер шығарылатын болады. Бұдан бөлек, көкөніс және бақша өнімдерінен балаларға арналған тағамдар мен шырындар шығару жоспарлануда. Осылайша облыста күріштен басқа өндірілген өнім түрлерін нарықта көбейтетін боламыз. Сондай-ақ аймақта мал шаруашылығын дамытуға бағытталған қолдаулардың нәтижесінде төрт түлік мал басы өсіп, өнім өндіру тұрақты ұлғаюда. Атап айтқанда, 2022 жылы мүйізді ірі қара – 7,9 пайызға, қой мен ешкі – 4,4 пайызға, жылқы – 16,5 пайызға, түйе – 7,0 пайызға, құс 1,7 пайызға көбейді. Ал ет өнімі – 2,1 пайызға, сүт – 1,4 пайызға және жұмыртқа 2,2 пайызға артты. Осы жылы Қармақшы ауданында қуаттылығы жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы мен Жаңақорған ауданында қуаттылығы жылына 3500 тонналық құс фабрикасы іске қосылады, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов.
"Толқын" ақпарат