Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр саңлақтарына құрмет

Сыр саңлақтарына құрмет

Қызылорда облыстық мәслихат сессиясында Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына Қызылорда облысының білім беру және мәдениет ұйымдарына атау беру жөніндегі ұсыныстар қаралды.

Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Қазбекова мәслихат депутаттарына осы күнге дейін өңірлік ономастика комиссиясының отырыстарында қолдау тапқан тиісті басқармалардың ұсыныстарын жеткізді.

Атап айтқанда, Қызылорда облыстық филармониясына композитор Кеңес Дүйсекеевтің, ал Сырдария аграрлы-техникалық колледжіне Балдырған Мұстапаеваның есімін беру ұсынылды.

Аталған бастамалар сессия отырысында қолдау тауып, алдағы уақытта республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсынылатын болады.
Балдырған Мұстапаева – Социалистік Еңбек Ері, есімі Қазақстанның -«Алтын кітабына» жазылған. Егістің әр гектарынан 70-100 центнер күріш жинаған рекордсмен күрішші. «Еңбек Қызыл Ту», екі мәрте «Ленин» ордендерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін» медальдарымен марапатталған және Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің 14,15-съездерінде делегат болған.


Кеңес Дүйсекеев – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. 200-ден астам шығарманың, оның ішінде «Толғау» симфониясының, «Жалаңтөс батыр» симфония поэма-картинасының, «О, дүние» кантатасының, «Жыл мезгілдері» романстар циклініңавторы.

«Гүлдер» ансамблінің, «Қазақконцерт» гастрольдік-концерт бірлестігінің музыка жетекшісі, «Қазақ теледидары» музыка редакциясының бас редакторы, Қазақстан мемлекеттік телерадио комитеті эстрадалық-симфония оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, «Қазақконцерт» гастрольдік-концерт бірлестігінің көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарған.

Еңбектегі табыстары үшін «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері» төсбелгісімен марапатталған.

kyzylorda-news.kz
18 қаңтар 2023 ж. 210 0