Облыстық байқау жеңімпазы
Тәуелсіз еліміздің келешегі білім мен тәрбиенің тізгінін нық ұстап, жарқын мақсаттарға жетелеген ұстаздар қауымының қолында. Дана халқымыз "Ұлағатты ұстаз баланы әуелі мейір-шапағатқа, онан соң ақыл-парасатқа, ақырында еңбек пен ғылымға, өнерге баулиды" деп бекер айтпаған.
Сонау 1967 жылы ашылып, аудан өнерінің өркен жаюына 50 жылдан астам қажымай-талмай еңбек етіп келе жатқан Арал ауданының өнер мектебі – өнерлі балаларға арналған мамандандырылған аудан орталығындағы киелі шаңырақ. Бүгінгі таңда бұл білім ордасында облыс, республика көлеміндегі ғана емес, халықаралық сайыстардың да жүлдегерлері атанып жүрген өнерлі өрендер жетерлік. Осы сөзімізге дәлел, жақында Қазанғап атындағы музыкалық колледж базасында Балалар музыка мектептерінің және өнер мектептерінің білім алушылары – жас музыканттардың республикалық фестиваль-байқауының облыстық кезеңі өткізілді. Фестиваль-байқаудың қорытындысымен Арал ауданының өнер мектебінің хор ұжымы жүлдегер атанып, республикалық байқауға жолдама алды.
Өнер мектебінің жүлдегер оқушыларын аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова қабылдап, абырой биігінен табылған оқушылар мен жетекшілеріне шынайы лебізін білдіріп, шәкірттеріміздің биік белестен көрінуі жетекші ұстаздарының мол тәжірибесі мен үлкен ізденісінің нәтижесі екенін атап өтті. Аудан мерейін асқақтатып, "Хор" ұжымдары арасында жүлделі бірінші орын иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алған аудандық өнер мектебінің балалар хор ұжымы мен жетекшісі Гүлнұр Жұмағалиеваға шығармашылық табыс тіледі.
Біз де осындай өнерімен кеңге құлаш сермеген шын талантты жазбай танып, шәкірттерінің шыңдалуына зор үлесін қосып келе жатқан өнер ордасын жеңісімен құттықтай отырып, алдағы уақытта да биіктен көріне беріңіздер демекпіз. Республикалық кезеңге қатысушы хор ұжымына сәттілік серік болсын!
«Толқын» ақпарат