Өнерлі өрен халықаралық байқауға жолдама алды
Білім мен өнерді бірге ту етіп ұстап жүрген Арал ауданының өнер мектебі – өнерлі балаларға арналған мамандандырылған аудан орталығындағы жалғыз киелі шаңырақ. «Аралдың табанынан су кеткенмен, халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ» деп ақын Бекұзақ жырға қосқан киелі топырақтан сүт емген өнер саласындағы көптеген тұлғалардың бүгінгі ізбасарлары бар. Солардың қанатын қомдап, буынының бекуіне еңбек етіп жүрген бірден-бір білім ордасы деп 1967 жылы ашылып, аудан өнерінің өріс жаюына 50 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан Арал ауданының өнер мектебін айтуға болады.
Мектебіміздің мақтаныштары, жаңа ғасыр онжылдығында дүниеге келген кішкентай ғана өнерлі өрендеріміз бүгінгі таңда облыс, республика көлеміндегі ғана емес, халықаралық сайыстардың да жүлдегерлері атанып жүр. Осы сөзіміздің дәлелі ретінде төрт ай бойы онлайн түрде балалар шығармашылығын дамыту мақсатында өткізіліп келе жатқан «Мен де жұлдыз боламын» атты халықаралық байқаудың әр кезеңінде, түрлі жанрда ән шырқап, өз өнерін шыңдаған Жолдас Шаттық офлайн өтетін байқау финалында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Қаңтар айының 24-25 аралығында Алматы қаласында өткен байқау финалында қазақ өнерінің көптеген дүлдүл қайраткерлерінің табы қалған Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының киелі сахнасында өнер көрсеткен шәкіртіміз Жолдас Шаттық жүлделі бірінші орынды иеленіп, түрік елінде өтетін халықаралық байқауға жолдаманы жеңіп алды. Жолдас Шаттық Қазақстан атынан енді Түркия елінде өнерін көрсетпекші. Біз осындай өнерімен кеңге құлаш жайған оқушыларымызбен әркез мақтанамыз және шын талантты жазбай танып, шәкіртіміздің шыңдалып, ән өнерінде еркін самғауына талмай еңбек еткен ұстазы Алтын Қожабайқызын жетістігімен құттықтаймыз.
Егемен еліміздің болашағы, білім мен тәрбиенің тізгінін нық ұстап, жарқын мақсаттарға көз тіккен ұстаздар қауымының қолында. "Ұлағатты ұстаз баланы әуелі мейір-шапағатқа, онан соң ақыл-парасатқа, ақырында еңбек пен ғылымға, өнерге баулиды" дейді дана халқымыз. Ұстанымы биік ұстаздан білім алған оқушылар, әрине, биіктен көрінері хақ.
Т. АЛДАШЕВ,
Арал ауданының Өнер мектебінің директоры