Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » АУДАН ӨНЕРПАЗДАРЫ ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

АУДАН ӨНЕРПАЗДАРЫ ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Дана халқымыз «Өнерлі өрге жүзер» демекші, өнер – адам баласының ең ізгі қасиеттерінің бірі. Бүгінде осындай ізгілікті өзіне серік етіп, ауданымыздың мерейін үстем етіп жүрген жас таланттармыз баршылық. Жақында жас өнерпаздарымыз ағымдағы жылдың 12-13 сәуірі аралығында Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен өткен XXI «Бозторғай» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық конкурсына қатысып қайтқан болатын. Бүгінде Арал аудандық мәдениет орталығында өнерлерін шыңдап жүрген жеті бірдей шәкірт облыстық байқауда «Халықтық орындау» жанры бойынша бақ сынасты. Нәтижесінде, аудандық мәдениет орталығының үйірме жетекшісі Айбек Тәңірбергеновтың шәкірті Шымбергенова Аяжан үлкен топ бойынша Қарасақал Ерімбеттің «Сыр сүлейлері» термесін орындап, бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар, ауданымыздан байқауға қатысқандар арасынан үйірме жетекшісі Айнұр Сүйеуованың шәкірті Таңатова Ақбота ІІ-орынды иеленсе, үйірме жетекшісі Гүлжамал Бейісованың үш бірдей шәкірті Құдайбергенова Әсия ІІІ-орын, орта топтан Файзуллақызы Жансая І-орын, кіші топтан Жұмамұратқызы Айша ІІІ-орыннан көрініп, аудан абыройын асқақтатты. Айта кетейік, жеңіс төрінен көрінген Шымбергенова Аяжан үстіміздегі жылдың мамыр айында Алматы қаласында өткізілетін халықаралық байқауға жолдама алды.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі. 
17 сәуір 2019 ж. 1 209 0