Өрендер өнер биігінде

Фестиваль-байқау нәтижесі бойынша жүлдегер атанған Арал ауданының өнер мектебі оқушыларын аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова қабылдап, жеңіс тұғырындағы жеткіншектер мен оларды баптап, бәйгеге қосқан ұстаздарын құттықтады. Жүлдегер оқушылар мен жетекшілеріне жылы лебізін білдірген ауданның бас ұстазы әр жанрдан қатысқан сегіз оқушының жетеуі жүлделі орындардан көрінуі, жетекшілерінің жылдап жинаған тәжірибесі мен үлкен ізденістің нәтижесі екенін алға тартып, «Баян» аспабы бойынша жүлделі I-орын иеленіп республикалық кезеңге жолдама алған Ідіріс Әбілмансұр мен жетекшісі Талғат Дәрменовке тілектестігін білдіріп, ұжым мүшелеріне шығармашылық табыс тіледі.
Бұдан басқа «Баян» сыныбы бойынша ІІ дәрежелі дипломмен Ғ.Зинадин (жетекшісі С.Мырзағұлов), ІІІ дәрежелі дипломға Ж.Жақсан (жетекшісі Б.Каденов) қол жеткізді. Мұнан өзге «Домра» (прима) сыныбы бойынша ІІ дәрежелі диплом Р.Аманқосқа (жетекшісі М.Қырымов) бұйырды.
Ал «Прима-қобыз» сыныбы бойынша ІІ дәрежелі диплом иегері болып С.Темірбай (жетекшісі А.Досымова) танылды. «Домбыра сыныбы» өнерін шыңдап жүрген Қ.Кеңес (жетекшісі А.Төлекенова) ІІІ дәрежелі диплом иегері болса, «Домбыра сыныбы» бойынша Б.Болат (жетекшісі Қ.Нұрмаханов) ІІІ дәрежелі диплом иегері атанды. «Домбыра сыныбы» бойынша «Әртістігі үшін» номинациясына Е.Октябрьұлы (жетекшісі О.Ізбанов) лайық деп танылған.
Арал ауданының өнер мектебі ұжымын осынау айтулы жеңістерімен біз де құттықтаймыз! Жеңімпаз республикалық кезеңге қатысушы жас талант-музыканттарға алдағы бақ пен бап қатар сыналатын сайыста сәттілік тілейміз.
А. БИСЕНОВ