Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Үкімет өз өкілеттігін тоқтатты

Үкімет өз өкілеттігін тоқтатты

Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев  Үкімет өз өкілеттігін тоқтатқанын айтты деп хабарлайды stan.kz ақпарат агенттігі. 

Мемлекет басшысы Конституцияның 70 бабына сәйкес Мәжілістің жаңадан сайлануына байланысты Үкімет өз өкілеттігін тоқтатқанын айтты. Сонымен қатар Үкіметтің атқарған жұмысына тоқталды. 
“Біз соңғы жылдары жаһандық және жалпыұлттық ауқымдағы көптеген қиындықты бастан өткердік. Үкімет күрделі кезеңдегі жаңа талапқа тез бейімделді. Сол арқылы экономиканың тоқырауына жол берген жоқ. Жұмыс орындарын қысқартпай, сақтап қалды. Шұғыл шаралардың нәтижесінде ел экономикасы 3,2 пайызға өсті.
Халықтың алдындағы әлеуметтік міндеттемелер уақтылы және толығымен орындалды. Мұның бәріне билік тармақтарының бірлесіп жұмыс істеуінің арқасында қол жеткіздік. Осы ынтымақтастықты нығайта беру керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында. 
Президенттің сөзінше, Үкімет пен Парламент экономиканы дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін барлық күш-жігерін жұмылдыруға тиіс. 
“Біз аз уақыттың ішінде ауқымды саяси реформа жүргіздік. Түбегейлі өзгерістер еліміздің жаңа дәуірге қадам басуына жол ашты. Бұл жұмыс жалғаса береді. Бірақ экономикалық өзгерістер саяси жаңғыру үдерісінен кенже қалмауы керек. Сондықтан Үкімет әлеуметтік-экономикалық реформаларды батыл жүзеге асыруға тиіс. Бұл – өте жауапты жұмыс”, - деді Президент. 
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарымыз Үкіметке зор үміт артатынын, жоғары талап қоятынын еске салды.  
“Ел сенімін ақтау – бәрімізге сын. Мен кеше Парламент сессиясының ашылуында нақты міндеттерге тоқталдым. Үкімет стратегиялық бағдарымызды жүзеге асыра отырып, мынадай мәселелерге баса мән беруге тиіс", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 
30 наурыз 2023 ж. 356 0