Бала жауапкершілігі назарда болады
Тағы бір оқу жылы аяқталды. Білім беру процесінің ең жауапты уақыты тәмән болғанымен, алдағы демалыс уақыты да жауапты кезеңдердің бірі болып саналады. Балалардың жазғы демалысын тиімді өткізуге байланысты шараларды таныстыру мақсатында Арал ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларына facebook әлеуметтік желісіндегі білім бөлімінің ресми парақшасы арқылы брифинг өткізді.
Сөздің басын биылғы оқу жылындағы өзгерістен бастаған Санира Нұрқожақызы оқу сабақтары 31 мамырда сынып сағатымен аяқталатынын айтты. Осы ретте сынып сағаты балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты қарастырылғанын жеткізіп, «соңғы қоңырау» салатанатты жиыны министрліктің ұсынымына сәйкес «1 маусым – Балаларды қорғау» күніне орайластырып өткізілетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ негізгі және орта мектепті бітіруші түлектердің ең бір ерекше сәті саналатын аттестат табыстау шарасы мектеп қабырғаларында 20-22 маусым аралығында ұйымдастырылатынын алға тартты.
Санира Жанназарова салтанатты жиын уақытында сыбайлас жерқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтарға жол бермеу қажеттігін, ата-аналардан қаражат жиналмауын қатаң ескертті.
Биылғы оқу жылында атқарылған жұмыстар мен нәтижелерге тоқталған бөлім басшысы:
– 2022-2023 оқу жылында аудан бойынша 1626 оқушы 9 сыныпты, 929 түлек 11 сыныпты аяқтауда. 9 сынып бітірушілері үшін қорытынды аттестациялау 2-13 маусым, 11 сынып түлектері үшін емтихан шаралары 5-19 маусым аралығында өтеді. Айта кетейік, 11 сыныптар бойынша 56 оқушы «Алтын белгіге», 57 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер болып отыр. Бұл былтырғы нәтижемен салыстырғанда артық екенін анық аңғартады. Осы көрсеткіш 9 сынып оқушылары арасында өткен оқу жылына қарағанда өсімді көрсетіп отыр. Себебі алдыңғы оқу жылында 9 сынып түлектерінің 131-і «Үздік аттестатқа» үміткер болса, биыл 173 үміткер тіркелген, – деді.
Содан соң 2021 жылдан бастап электронды форматқа көшірілген Ұлттық бірыңғай тестілеудегі аздаған өзгеріске тоқталған бөлім басшысы «Қазақстан тарихы» бойынша былтырғы түлектер 15 сұраққа жауап берсе, биыл 20 сұраққа, ал «Оқу сауаттылығы» пәнінен берілетін сұрақтар былтыр 20 болса, биыл 15 сұраққа жауап беретінін еске салды. Сондай-ақ 2022-2023 оқу жылынан бастап бейіндік пәндер қатарына информатиканың қосылуына байланысты, «информатика мұғалімдерін даярлау», «ақпараттық технологиялар», «ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламалары топтарына түсушілер тестті «математика-информатика» комбинациясы бойынша тапсырады. Ал білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндік беретін тестілеудің І кезеңі шарасына 732 оқушы, ІІ кезеңдік шарасына 726 түлек тіркелген.
Брифинг барысында келер оқу жылына әзірлік жұмыстары да сөз болды. 2023-2024 оқу жылында 1 сыныпқа оқушыларды қабылдау 1 сәуірден басталып кетті. Болжам бойынша қабылдануға тиісті 1726 оқушының 1542-сі электронды үкімет веб-порталы арқылы қабылданған. Бұл барлық баланың 90%-ы алдағы жылы мектеп қабырғасына келуге дайын дегенді көрсетеді.
Жоғарыда айтқанымыздай, оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу бағытындағы жұмыстар жайлы Санира Жанназарова төмендегідей ақпарат берді.
– Білім беру мекемелеріндегі 1-10 сынып аралығындағы 16498 баланы мектепішілік лагерьмен, үйірмелермен, экскурсиялар және көгалдандыру жұмыстарымен және ауданнан тыс лагерьмен қамту жоспарланды. Оның ішінде "Қамбаш" олимпиадалар және қосымша білім беру орталығына жалпыға бірдей міндетті оқу қоры есебінен аз қамтылған, көп балалы отбасындағы 577 бала, кәсіподақ есебінен 100 бала қамтылады. Мектеп жанынан күндізгі лагерьлерге міндетті оқу қоры есебінен жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, әлеуметтік көмек алатын отбасынан ІІ ауысымға ыстық тамақпен 224 бала, ыстық тамақсыз күндізгі лагерьлерге 6275 бала келеді, – дей келе бала жауапкершілігі қатаң қадағаланатынын талап етті.
Мұнан бөлек ауданнан тыс лагерьге демеушілер, кәсіподақ, ата-аналар есебінен 384 бала, "Балдәурен" оқу-сауықтыру орталығына үздік, аудандық, облыстық, республикалық деңгейде жетістіктері бар 14 бала баратын болса, Қызылорда қаласындағы орталық мұражай және рухани жаңғыру орталығына саяхаттау үшін 321 бала, Түркістан қаласындағы тарихи орындарға саяхаттауға 570 бала, Арал қаласының орталығындағы музейлерге 865 бала, 17 мектеп жанынан ұйымдастырылған шатырлы лагерьге 395 және қала сыртындағы бастауыш сынып оқушылары үшін құрылған экскурсияға 1325 бала қатысады.
Балаларды жазғы демалыс уақытында еңбекке тарту жағы да жүйелі қарастырылған. Көркейту-көгалдандыру еңбек лагері, «Жасыл ел» жасағы бойынша жасалатын жұмыстар осының анық дәлелі. Ал шығармашылық қабілеттерін жетілдіру мақсатында үздік оқушылар Алматы қаласындағы «Спутник» және Жаңақорғандағы «облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығына» барады деп күтілуде.
Санира Нұрқожақызы брифингте балалардың қауіпсіздігі жайына да баса тоқталып өтті. Өрттен, судан, тамақтан улану сияқты өзге де балаларға төнуі мүмкін қатерлерден сақтану жайлы кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізуді аудан мектептерінің басшыларына қатаң тапсырып, жауапкершілікке кім болса да салғырт қарамау қажетін ескертті.
«Толқын» ақпарат