Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Медициналық қызмет көрсету сапасы бақылауға алынды

Медициналық қызмет көрсету сапасы бақылауға алынды

Кез келген елдің жоғары деңгейде өркендеп дамуының басты алғышарттарының бірі – халқының мықты денсаулығы. Осы ретте, бүгін «AMANAT» партиясы Арал аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясы мүшелері Н.Ембергенова, Ш.Жангушикова және А.Сауяев аудан орталығындағы ЖШС «B.B.NURA» амбулаторлы диализ орталығы қызметіне мониторинг жұмыстарын жүргізді.
ЖШС «B.B.NURA» амбулаторлы диализ орталығы 2017 жылы ашылып, аудандағы «созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне» шалдыққан 35 адамға қызмет көрсетіп келеді.
Алайда, қазіргі таңда уақыт талабы мен жаңа технологияның күн сайын дамуына сәйкес, аталған мекеменің денсаулық сақтау құрылғылары жетілдіруді қажет етеді. Осы орайда, аудандық партиялық бақылау комиссия мүшелері орталықта ем алып жатқан науқастардың жағдайымен танысып, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға байланысты өз ұсыныстарын білдірді.
Мониторинг жұмыстары барысында анықталған медициналық құрылғылардың ескіруі мен қажетті дәрі-дәрмектің уақытылы жеткізілмеуі және аудан бойынша нефролог маманның тапшылығы секілді кемшіліктерді жою бойынша партиялық бақылау комиссиясы мүшелері нақты ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ мәселені шешу бойынша тиісті облыстық мекемелермен де арнайы жұмыстар жүргізілетіні ескертілді. Аталған мәселе алдағы уақытта партияның аудандық филиалының бақылауында болады.

"Толқын" ақпарат 
16 маусым 2023 ж. 194 0