Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 1 қыркүйектен бастап дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлердің жалақысы өседі

1 қыркүйектен бастап дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлердің жалақысы өседі

1 қыркүйектен бастап дәрігерлер мен орта медициналық персоналдың жалақысын тағы да көтеру жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Биыл Үкімет қаулысымен мемлекеттік медициналық ұйымдарда еңбек ететін дәрігерлердің жалақсын – 30%, ал орта персоналдың айлығын 20%-ға арттыру шешімі қабылданды. Оған сай, еңбекақы төлеу коэффициенттері бекітілді. Алайда, министрлік дерегінше, көтерілген коэффициенттердің өзі 30% және 20% өсімді қамтамасыз ете алмайды.

Өз кезегінде қаулыда 2023 жылғы белгіленген түзету коэффициенттері дәрігерлерге – 2,73, орта медициналық персоналға (ОМП) – 2,05 мөлшерінде белгіленді. Дегенмен ол дәрігерлердің жалақысын - 30%, ОМП-ға 20%-ға арттыруды қамтамасыз етпейді. Тиісінше, қаулы бойынша еңбекақы алатын медицина қызметкерлері мен салалық келісім бойынша жалақы алатын ТМККК және МӘМС шеңберінде қаржыландырылатын денсаулық сақтау субъектілерінің қызметкерлері арасында еңбекақы төлеуде алшақтық орын алды. Осы алшақтықты жою және қызметкерлер арасында резонанс туғызбау үшін Денсаулық сақтау министрлігі 2023 жылға белгіленген түзету коэффициенттерін дәрігерлерге 2,73 орнына 3,42 мөлшерінде, орта медициналық персоналға 2,05 орнына 2,34 мөлшерінде арттыруды ұсынады, - деп жазылған Ашық НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасында.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сай, бұл мақсатқа 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде 36 млрд 111 млн 991 мың қосымша қаражат бөлінген. Оның ішінде биыл 5 млрд 035 млн 875 мың теңге, 2024 жылы 15 млрд 409 млн 146 мың теңге, ал 2025 жылы 15 млрд 666 млн 970 мың теңге бағытталады.

Құжатта көрсетілгендей, өзгерген коэффициент негізінде жалақы төлеу 1 қыркүйектен басталады. Яғни, сол уақыттан дәрігерлер мен орта медициналық персоналдың айлығы өседі.

Үкімет қаулысының-жобасы 28 шілдеге дейін көпшілік талқылауда болады.
17 шілде 2023 ж. 138 0