Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ»: Финал

«ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ»: Финал

Бүгін, 18 қыркүйекте «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің 13-кезеңі ел мен жердің абырой-беделі үшін тау қопарып, тас тескен елжанды еңбек майталмандарының қалашығы Кентауда аяқталды.
13 кезең қорытындысы бойынша, Жетісу облысының командасы жеңімпаз атанды. Ақтөбелік шабандоздар мәре сызығын екінші болып кессе, Алматы қаласының командасы финишқа үшінші болып жетті. Нағыз жүзден жүйрік анықталатын аламан бәйгенің 1250 шақырымы артта қалды.
Сонымен қатар жорықтың аяқталуына 2 күн қалғанда Түркістан, Қостанай облыстарының командасы аттарыныңболдырып қалуына байланысты жорытуын тоқтатты.
Қостанай облыстық Ат спорты федерациясының вице-президенті Нұрбол Әбдірахманов бұл жолғы жорықта жеңімпаз атану бұйырмаса да, жалғыз қазақстандық зауыттық жылқы тұқымы – Қостанай тұқымының атын шығару мақсатымыз орындалды деп отыр.

«Қостанай жылқы зауытына биыл 135 жыл толса, Қостанай асыл тұқымы жылқысына 72 жыл толды. Ол – қазақтың жалғыз асыл тұқымды жылқысы. Алпыс жыл бойы ғалымдардың үздіксіз еңбегінің арқасында асыл тұқымды Қостанай жылқысы дүниеге келді.Өкінішке қарай, бүгінде Қостанай тұқымы жылқыларының жойылып кету қаупі бар. Кезінде 44 мың басқа жеткен Қостанай жылқысынан бүгінде небәрі 200-дей қалған. 10 жылдан бері жирен қасқа тұқымын көбейту жұмысы тоқтап тұр. Жылқы тұқымын зерттейтін, нано технологиямен жабдықталған зертханалар қаңырап бос тұр. Мұнда жалақының аздығынан ғылыммен айналысатын мамандар түгілі, жылқышылардың өзі сиреп барады. Тұралап қалған кәсіпорынды аяқтан тұрғызып, жирен қасқалардың тұқымын көбейту үшін Үкімет тарапынан қолдаукерек», – деді Н.Әбдірахманов.

Он үшінші күннің қорытындысы бойынша командалардың жалпы уақыты:
Жетісу облысы – 90 сағат 54 минут 15 секунд
Ақтөбе облысы – 92 сағат 13 минут 32 секунд
Алматы қаласы – 100 сағат 53 минут 33 секунд
Абай облысы – 108 сағат 40 минут 48 секунд
«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің жалпы жүлде қоры – 65 млн теңге. Жеңімпаз командаға 30 млн теңге, 2-орынға 20 млн теңге, ал 3-орынға 15 млн теңге бекітілген. Айта кету керек, жүлде қоры жеңімпаз команда мүшелеріне теңдей бөлінеді. Бірінші орынға 30 миллион теңге болса, әр команда мүшесіне 6 миллион теңге тиесілі. Жеңімпаз команда мәреге толық құраммен келмей-ақ жүлделі үш орынның бірін иеленген жағдайда, оларға тиесілі жүлде қоры белгіленген тәртіппен пропорционалды түрде азаяды. Артылған қаражат осы жорықта ерекше қырынан көрінген басқа қатысушыларға арнайы номинация аясында тағайындалады. Дегенмен, ат құлағында ойнайтын сері жігіттер үшін жүлде қоры маңызды емес. Командалық есептен шығып қалса да, өздері мен тұлпарларын сынау үшін 9 шабандоз жарысты жалғастыруға бел буған.
19 қыркүйек 2023 ж. 282 0