Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жалағаш ауданының әкімі тағайындалды

Жалағаш ауданының әкімі тағайындалды

Кеше Жалағаш ауданында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен актив отырысында ауданның жаңа басшысы таныстырылды.

Облыс әкімінің өкімімен, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі және Жалағаш аудандық мәслихатының келісімдері бойынша Жалағаш ауданының әкімі лауазымына Ибраимов Ардақ Әбдіғаппарұлы тағайындалды.

Аймақ басшысы ауданның бұрынғы әкімі Асқарбек Есжановқа алғыс білдіріп, жаңа әкімнің қызметіне сәттілік тіледі.«Ардақ Әбдіғаппарұлы Мемлекет басшысының тапсырмалары мен алға қойған міндеттерді жоғарғы деңгейде жүзеге асырып, нәтижелі жұмыстар мен игі бастамаларды одан әрі дамытуда аянбай жұмыс жасайды деп сенемін. Биылғы жылдың қорытындысымен дамудың барлық макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша оң параметрлерге қол жеткізуді тапсырамын. Инвестиция тарту, салық базасын ұлғайту, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлікті дамыту бойынша нақты жұмыстар жүргізу қажет. Кезінде бұл аудан «Күріш фабрикасы» атанған. Қазір де сол деңгейді жоғалтпай, ауыл шаруашылығы саласын дамыту жағынан алдыңғы қатардан көрініп келеді. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жетік меңгерген маман ретінде ауданның осы ерекше потенциалын пайдалану керек», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жиында ел ағалары Ардақ Ибраимов пен Асқарбек Есжановты жаңа қызметтерімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.Ардақ Әбдіғаппарұлы 1986 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Мұнай мен газ кен орындарын игеру», «Болашақ» университетін «Құқықтану», «Мемлекеттік және жергілікті басқару», Қызылорда гуманитарлық университетін «Қаржы» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2006 жылы «Казгермұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде инженердің көмекшісі болып бастаған. Әр жылдары мұнай және құрылыс компанияларында қарапайым жұмысшыдан басшылық лауазымдарға дейін қызметтерде болған. 2019-2020 жылдары Қызылорда қаласы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің басшысы, Қызылорда қаласы әкімінің кеңесшісі лауазымдарында қызмет атқарған. 2020-2022 жылдары Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кентінің әкімі ретінде тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу жолында аянбай еңбек етті. 2022-2023 жылдары Қызылорда облысы әкімдігініңіс басқармасының директоры қызметінде нәтижелі жұмыс көрсетті.

2023 жылдың ақпан айынан бастап Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

syrboyi.kz
12 қазан 2023 ж. 168 0