Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Орман шаруашылығы қызметкерлері күні атап өтілді

Орман шаруашылығы қызметкерлері күні атап өтілді

Кеше Қамыстыбас ауылдық округіндегі ауылдық мәдениет үйінде орман шаруашылығы саласының ардагерлері мен қызметкерлерінің  кәсіби мерекесі атап өтілді.
Шарға аудан әкімінің орынбасары Б. Жұмағұлов қатысып, аралдық орманшыларды мерекемен құттықтады.
«Экологиялық өңірде орналасқан Арал ауданы үшін орман шаруашылығының орны ерекше екені барлықтарыңызға белгілі. Кәсіби мереке қарсаңында Сыр орманшылары айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп отыр.  Аудандағы орман шаруашылығы мекемесімен орманды қорғау, молықтыру және өрттен қорғау бойынша жүйелі шаралар атқарылып келеді. Қыстың қытымыр аязы мен жаздың аптап ыстығына шыдап,  орман қорын сақтап, молайту мақсатында аянбай еңбек етіп жүрген Сіздерге әрдайым ризашылығымызды білдіріп, алғысымызды айтамыз»,- деп ізгі лебізін білдірді.
Сондай-ақ, жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық және орман шаруашылығы саласының дамуына  өлшеусіз үлес қосқан бірқатар мамандар марапатталды.
Айта кетейік, соңғы 30 жылда Арал теңізінің құрғаған ұлтанының қазақстандық бөлігінде құм көшкініне тосқауыл қою мен экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында 395 мың гектар орман өсірілді. Бүгінгі күні Арал ауданы аумағында мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы қөлемі 1074 087 га болса, оның 276 971 га жері орманмен қамтылған. Оның 89 пайызын негізгі орман құраушы сексеуіл ағаштары алып жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Арал теңізінің мәселесі Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге қатер төндіріп отырғанын ескере отырып, өңіріміздің экологиялық жағдайына ерекше назар аударып, Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 5 жыл ішінде 1,1 млн. га сексеуіл екпелерін ұлғайту тапсырмасы берілді. Аталған тапсырма аясында 2021 жылы 101 мың гектар, 2022 жылы 250 мың гектар сексеуіл егу жұмыстары жүргізілсе,  2023-2025 жылдары жыл сайын 250 мың гектар фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізу жоспарлануда. Бұл шаралар Арал өңірінің экологиялық жағдайын жақсартуға айтарлықтай оң әсерін тигізетін болады.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
14 қазан 2023 ж. 412 0