Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сала қызметкерлері құрметке бөленді

Сала қызметкерлері құрметке бөленді

Қазан айының үшінші жексенбісі саналы ғұмырларын еліміздің баға жетпес байлығы, теңдесі жоқ экономикалық және экологиялық қорымызды сақтауға, қорғауға арнап келе жатқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің төл мерекесі.

Бүгін аудан әкімі Серік Сермағамтеов атаулы мереке аясында ауданымыздағы медицина, құрылыс саласында және көркейту-көгалдандыру бағытында тынбай, қажырлы еңбек етіп келе жатқан бір топ сала майталмандарын арнайы қабылдады.

Басқосу барысында алдымен, Қазақстан Республикасы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен ұзақ жыл құрылыс саласында еңбек еткен Әбен Рашев марапатталды. Өз кезегінде марапат иесі осы кезге дейінгі жасаған қызметін елеп, көрсетіліп жатқан құрмет үшін ризашылығын білдірді. Одан әрі «Арал теңізі Обаға қарсы күрес станциясы" филиалының зоологы Асылбек Әбілсейітов ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталса, аталған мекеме директорының әкімшілік шаруашылық жөніндегі орынбасары Қарасай Сайымов ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің Құрмет грамотасына ие болды.

Сала үздіктерінің басын қосқан отырысты одан әрі жалғаған аудан басшысы арнайы орман шаруашылығы саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
- Сіздер, осынау жауапты салада экологиялық жағдайды жақсарту, орманды сақтау, қорғау және молықтыруда елеулі қызмет етіп келесіздір. Мезгілдің ыстық-суығына қарамай аянбай еңбек етіп жүрген Өздеріңіздей жерлестеріміздің еңбегіне құрмет көрсету - біз үшін үлкен абырой. Сіздерге аудан жұртшылғы атынан ризашылығымды білдіремін! Сіздердің мол тәжірбиелеріңіздің арқасында алдағы уақытта да Арал теңізінің құрғаған ұлтанында қажетті жұмыстарды абыроймен атқарамыз деп сенемін, - деген Серік Сағитжанұлы орманшылардың қызметіне толағай табыс тілеп, арнайы марапаттарды табыс етті.

Атап өту қажет, «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының ІІ-дәрежелі Еңбек даңқы» төсбелгісімен орманшы Әділбай Төлеев, «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының ІІІ-дәрежелі Еңбек даңқы» төсбелгісімен орманшы Әсет Елмағанбетов марапатталды. Мұнан бөлек орман шаруашылығы саласында еңбегімен еленген бір топ сала қызметкерлеріне аудан әкімінің алғыс хаты табысталды.


Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

16 қазан 2021 ж. 465 0