Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кіші Аралдағы құтқару операциясы

Кіші Аралдағы құтқару операциясы

Буырқанған теңізбен тайталасып жүріп 27 адам құтқарылған бұл оқиғаның болғанына да 20 жылдан асып барады екен-ау... Қазір Кіші Арал десе, көз алды­мызға шалқыған шалқар мен алып бөгет келіп тұра қалатыны белгілі.

Ұлы теңіз бен қазіргі айдынды бөліп тұрған бөгет 2005 жылы салынды. Оған дейін де ауқымы жыл санап азайып тарылып бара жатқан теңізді құтқару талаптары болған. Әуелгі бастама 1995 жылы аудан жұртшылығы басталғанымен көп ұзамай бөгетті су шайып, үміт кесіл­гендей болып еді. Одан кейін де облыс басшылығы араласып, қолдағы бар техника жұмылдырылып, бір қауырт қарекет басталып кеткенмен мұның соңы аса қайғылы аяқтала жаздаған болатын. 1999 жылдың көктемінде бұ­зылған бөгет біраз техниканы қарап қылды. Техниканы қойшы, бір вахтада жұмыс істейтін 29 адамның өмірі қыл үстінде тұрған сол сәт құт­қару операциясына қа­тыс­қандардың есінен кетпейді.

− Соның алдында ғана «Қазгидромед» мекемесінен дауыл тұрып, қатты нөсер болатыны жайлы дабылды ескерту келіп, оны теңіз жағалауындағыларға жібе­ріп қойғанбыз. Артынша қиян­дағы Аралға арнайы жолға шығып, жолай Қазалыдағы тиісті мекеме басшыларын ертіп, бөгет басына кел­дік. Жұмыс қызу жүріп жатыр екен. 2,5 млн текше метр топырақ үйілуге тиіс 12 ша­қырымдық бөгеттің екі жағы да су, кейбір тұсы былқылдап тұр екен. Соны ескерттік де, кері қайттық, дейді сала ардагері, сол тұста облыстық төтенше жағдайлар департаментін басқарған көпке қадірлі ақсақал Қорған­бек Қайруллаев.

Бұлар Қызылордаға жеткенде аласапыран дауыл су деңгейін шамадан тыс көтеріп, тасқын су Көкарал бөгетін үш жерден бұзып өткені жөнінде хабар да ілесе келеді. Ең қиыны, вахтадағы 29 жұмысшыны көрдім-білдім деген ешкім жоқ. Біраз техника су астында қалыпты.

Ми-8 тікұшағына мініп, теңізге тартқан топтың көр­гені жойқын су ұлы теңізге қарай буырқанып кетіп жатыр. Жаңбыр тоқтаусыз құйып тұр, құтырған жел ара-тұра бұлар мінген тікұшақты оңды-солды шайқап қояды.

Ұшақ суға төбеден үңіліп жүргеніне біраз өткенде бө­геттен 15 шақырымдай жерден қарайған техникалар көзге түседі. Жырылған судан қашқандардың тұрған орны белгілі болғанымен жақындауға дауыл мүмкіндік бермейтін түрі бар. Сонда да департамент басшысы Қорғанбек Қайруллаев пен осы қызмет майоры Санжар Асфандияров кабинадағы артық адамдарды түсіріп, тәуекелге бел байлады.

– Бір тәулікке жақын су ортасында қалғандардың көбі әлсіз екен. Біразы естанды күйде отыр. Жатағынан жалаңаяқ, жалаңбас қашып шыққандар бар сияқты. Қазір құтқармасақ, таңға дейін үсіп өлетіні анық. Биіктен тас­таған арқанға жармасатын­дай әлі қалмағандықтан ұш­қыш тікұшақты барынша төмен­детіп, көпшілігін кабина­ға суырып алдық. Бір мәрте тікұшақ доңғалағы жердегі техникаға тиіп кетіп, сәл болмағанда өзіміз апатқа ұшырай жаздадық. Сол тұс­та тікұшақты басқарған Қай­болды Орынбаев ініміздің жанкештілігі мен шеберлігі арқасында аман қалдық. Үш-төрт мәрте төмендеп, 27 адамды жағалауға аман алып шықтық, дейді ардагер.

Кіші Аралдағы құтқару операциясы біткенде қараңғы түсіп, көз байланған мезгіл еді. Құтқарылғандардың арасында болмаған екі адамды іздеуге ертесі шықты. Екеуі де экскаваторшы екен, бірі жырылған судың жеткен жерінде етбетінен түскен күйі қалыпты. Екінші адамның денесі су тартылғаннан кейін шықты.

Қазіргідей әлеуметтік желі болса, бұл оқиға сол сәтте-ақ жалпақ жұртқа жария болар еді. 27 адамды құтқарған сол операция жайлы сол тұста көпшілік білмей де қалды. Кейіннен төтенше жағдай департаментінің ұсынысымен марапат иеленгендер болды. Осыдан 24 жыл бұрын Кіші Арал жағалауында болған құтқару операциясының жай-жапсары осындай.

egemen.kz

Сурет:  turkystan.kz
19 қазан 2023 ж. 182 0